Өлеңдер ✍️
РУХ пен ЖІГЕР
О, аруақ, демей гөр,
О, Бекет, желеп-жебей гөр!
Оғландының басында –
Ордасын тікке кемеңгер!
Автор.
Арқаландым
Ар биік,
Марқаландым
Жал биік,
Ата-бабам бойыма
Асау етті нәр құйып!
Өртеніп тұр
Өнбойым,
Қыз-қыз қайнап маңдайым!
Күйіп-жанып жүремін
Күңсік болмай әрдайым.
Шыңым шырқау айбатты,
Далам шалқар байтақ-ты.
Кезген екен ерлерім
Көсілген кең аймақты.
Сұрғылт сынды боз дала,
Сырын терең қозғама.
Күңіреніп жатса да,
Боз маядай боздама.
Тектілікті тел еткен
Тентіремес ел өктем.
Тума тұрық-болмысы
Жаралған дейді бөлектен.
Алпамсалы тұлғалы
Арда мінез ұлдары,
Аттандаса жауына
Талақ етер мұрғалы.
Кесек пішім-тұрпаты
Тұяғын тарпып тұлпары,
Батырына мәп келген
Қазанаттың сымбаты.
Төрт құбыла тең келген,
Шеттерінен мәрт келген,
Бес қаруын жасанып,
Сәйгүлігі ерттелген,
Құлақ тері бусанып,
Құрыш қанып, бап келген,
Көшіп-қонған ел едім,
Түзден тапқан қорегін,
Түлетіп ту өлкені,
Тірлікке бөтен бөледім.
Тентектің де тентегі –
Табиғаттың төлі едім.
Кие мекен – тым құтты
Маңғыстау мен Үстіртті
Мың-сан жылдар жайлаған
Ұлыс едім дің мықты.
Түлікке толды жазирам,
Түледі түбек – қазынам.
Атышулы аймақ деп,
Тарихқа мәңгі жазылам.
Бұрынғы өткен бабамның
Жұрнағы болып жаралдым.
Қайсар да мінез қожасы –
Осынау жарты аралдың.
Сертке салсаң берікпін,
Сенімді жанға серікпін.
Ұсақтық – ұят іс болар,
Ірілеу турап келіппін.
Мен мен едім, мен едім,
Тасиды толып кемерім.
Тегімді айтып толғасам,
Өрекпіп өршір өлеңім.
Маңғыстау – маңғаз мекенім,
Өркендеп, өсіп, өнермін.
Артық та туған Бекетім –
Тәңіріме бейне теңермін.
Шыдармын қалай шаттанбай,
Сөйлермін қалай мақтанбай.
Әз әулием – тірегім
Қолтықтан демеп жатқандай.
Саңқылдап шығар үніміз,
Жасық емес, іріміз.
Оғландының басынан
Қол бұлғайды піріміз!
Қазаққа біткен Даралық,
Қазаққа біткен даналық,
«Бекет!» деп білек біріксе,
Ел болар едік нар, алып!
Есіңді жый ел-жұртым,
Есті алмасын жан-құлқын,
Рух пен Жігер оянса,
Ерекше болар сән-ғұрпың.
Тағзым етсек Атаға,
Талайлар түсер сабаға.
Тағзым етсек Атаға,
Қылау түспес араға.
Қазақ қазақ бола алар,
Қасиет кіріп оңалар.
Көреген, көсем, көріпкел,
Пайғамбарлармен пара-пар,
Бекетті биік ұсталық,
Ғаламат бойға күш дарып,
Сүйенген, сенген Киеміз –
Пәле-жаладан құтқарып.
Азулы халық атансақ,
Жүректе намыс атойлап.
Жолымыз болып, жанар бақ,
Нешебір бөгет қамалды ап.
О, Пір Бекет, Аруақ,
Өзіңнен қуат дарымақ.
Ұлы дүние көшінде
Кешеміз ғұмыр дауылдап.
Сенгеніміз Ер Бекет,
Ергеніміз Пір Бекет!
Рухымызды асқақтап,
Ұлы Бекет тұр демеп!
Желеп!!!
Жебеп!!!
...Қырандар қалқып кенет!!!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter