10.08.2022
  197


Автор: Ғалым Әріп

Қазақ тілі – қанатым

Жаным да осы, арым да, намысым да,
Қаным да осы жүрегім ағысында.
Қазақ тілі – қыраным алтын қанат,
Қазақ тілі – бұлағым,дауысым да!
Қазағымның үні де ол,әуені де,
Ән-жыры да сарқылмас,өлеңі де!
Тартатұғын тарихтың тереңіне
Тіл дегенің – қазына әлемі де.
Қазына әлем,кәусарым,майда тілім,
Жылдан-жылға жетіліп,жайна тілім.
Нәр алатын өзісің қайнарымның,
Рухындай туған ел,байтағымның!
Тілім десе келеді айқай салғым,
Қияларға самға деп қайран халқым.
Қайда барсам жөніне жүгіндірер –
Киелі сөз,әулие ата-салтым.
Мен бағындым осынау қызыл тілге,
Жарқылдауға жан құмар,қызу кеуде.
Барқыт түнде шоқжұлдыз жымыңдаса,
Жүрегімнен жыр-маржан үзілер ме?
Бас иемін мұндайда әруаққа,
Махамбеттей,Абылдай арғымаққа.
Ел мүддесін тілімен кестелеген
Еліктеймін солардай жалын-отқа.
Еліктеймін,күш-қуат жиям бойға,
Жетелемес мұндайда қиял қайда?
Ана тілі дегенде арлы азамат
Ар-намысты сатудан ұялмай ма?!
Ана тілі – бұл менің қазақ тілім,
Қылбұраудан,қыспақтан азат тілім.
Өмірдің алмағайып өткелінде
Басынан сан өткерген азапты мың.
ІІ
Ойларым жатыр пісіп,сараланып,
Жүрегім жыласа да жараланып,
Айтайын
көшелі елдің ұлы едім мен
Ақынын хан көтерген қара халық.
Халық ем өлең-сөзсіз күн кешпейтін,
Жыр барда қайғыңның да бұлты еспейтін.
Мойнына салып мейлі бұғалықты,
Бас кеспек болса-дағы,тіл кеспейтін.
Ақыл сөз, дана сөзді пір санаған –
Айналдым асылымдай ар-санадан.
Қосқанда «Қаратаудың көшін» әнге,
Жанары жасқа тұнып,жасаураған.
Болса да небір заман анталаған,
Жауға жерін бермеген,таңдан Адам!
Далиған дариядай Дала мынау -
Қымбат болды десеңші қандай оған!
Туған жер қандай ыстық қарыс сүйем,
Ер бар ма сол жер үшін қан ішпеген!!!
Ресейге сол жер үшін бодан болып,
Тағдыры өзектесті орыспенен.
Шағы аз ба,бірақ,достым,қысым тартқан,
Патшаның қазағыма тісі батқан.
Күндес ел бір жағынан іштей іріп,
Бақ құсы бастарынан ұшып жатқан.
Кең жері көшпелі елдің талақтанып,
Жөңкіген бай-манабың алақ қағып.
Өзгеріп жер аты да,тіл де қүрау,
Жасқауын қанша жұрттың жамап алып.
Қазағым соншалықты қор ел ме еді,
Ұлыс-ты өзінше бір әлемдегі.
Ұқсамас өзгелерге өрнегі – алтын,
Айшығы өзіне тән өнердегі.
Осы тіл бірте-бірте шектеу көрді,
Осы тіл бірте-бірте тежеу көрді.
Сұйылып бара жатты бірте-бірте
Азияның ақиық шешен елі...
ІІІ
Тіл өшпес халқы барда,елі барда,
Ел қамын жеген арыс ұлы барда.
Қаншама қарғыс атқан
заман болсын
Кенде емес бұл қазақ та қара нарға.
Атқанда ұлы Қазан таңы күліп,
Маздаумен шырақ шашты жалын үміт.
Халқымның жанарына нұр құям деп,
Шықты ғой неше алуан жанып жігіт.
Бәрі де Ленинге сеніп мәңгі,
Жолында жаңа өмірдің жаныққан-ды.
Алаштың арын арлап шығамын деп,
Алапат азаматтар арып қалды...
ІҮ
Үскірік боран есті сонда барып,
Таң нұрын уысына қармап алып.
Сол боран кетті тінтіп тұлабойды,
Жер бетін жайлады өрт жалмап алып.
Жойқын өрт ел басына нәубет болды,
Сойқанды қазақ деген әулет көрді.
Бір жақтан аштық алса алқымыңнан,
Бір жақтан аждаһадай зұлмат келді.
Тақсырлар таққа мініп сонша тағы,
Адамды айуанша қоршалады...
Аузыңды ашсаң болды айдап,қорлап,
Жүрегін зиялының пәршалады...
Ойласақ соны көзге қан толады,
Зымиян,заманының зәнталағы –
Жымысқы түлкідейін,қарсақтайын
Аңдыстап жан-жағыңнан анталады...
Тірлікпен күн кешпеген текке күйкі
Ерлерім елім деген отқа күйді.
Тілді ғой тарғыл заман тілімді де,
Тежеді ағыл-тегіл төкпе күйді...
Біртіндеп ар-намыс та тайыз тартты,
Кім білсін,кей кімдерде айыз қанды?
Қазақтың қайран тілін тұмшалаған
Соттаса деймін дүмше жауыздарды.
Жүрегің қалай енді жұлынбасын,
Халықпыз әу бастан-ақ мұңы басым.
Кім білген немересі айтқан сөзді
Келерін атасының ұғынбас күн?
О,сұмдық,қалай шошып дір етпейін,
Замана,бопсың талай түнектейін.
Сонда да бір әділет болады деп,
Сенуге алдағыға жүрек бейім.
Ү
Шерінің шегі бар ма қазағымның,
Жазылған маңдайына азабы мың.
Ұқсаймыз сондай халық болғанға біз
Тағдырдың жемі сынды тұзағының.
Шалғанда соғыс өрті кеше елімді,
Алғанмын фашистерден мен кегімді.
«Отан!» деп отқа кірдім айыл жимай,
Ерлікпен жаңғыртқанмын ертеңімді.
Кеудеме мәрттік мінез тұрақтанды,
Өтті сан батыр қазақ сынақтарды.
Қарт Жамбыл от жүректен жыр ақтарды,
Жырынан бүкіл Отан қуаттанды.
Қаймықпай тура жолдан дауылдарда,
Бас болып солдат қауым-бауырларға,
Жауына қарсы шабар арыстаным –
Кім жетер қаһарманым Бауыржанға!
Хош ,достым,айта берсем мақтаным көп,
Тұрғаны осыменен тоқтағым кеп...
Жеңістен кейін қайта сайрап едім,
Қайран тіл,қара тасқа соққаның кеп...
Осылай қызыл тілден кешеуледім,
Жайымды ұқпады жан мешел менің.
Қара бұлт бір үдеріп көшкенімен,
Тілімді тоты құстай безенбедім...
ҮІ
Тамырлап кеміріпті жегі құртың,
Жетелеп тұңғиыққа мені құрдым.
Тілің бір байланғандай,көзің мөлт-мөлт,
Не болды жаутаңдардай тегі,құрбым?
Заманға көзбен қайта оң қарадым,
Тасимын,толқимын да,толғанамын.
Тіліме ел қатарлы теңдік берген
Азамат арыстарым – ер-қанатым.
Арайлап нұрлы таңым қайта туды,
Ел үшін ер-азамат белін буды.
Жаңғыртып бүкіл елді қайта құру,
Көнекөз қарттар көздің жасын жуды.
Өшкенім қайта тұтап маздап жанды,
Өр ағыс тасытқандай қозғап қанды...
Өмірге қайта әкелдік
Жазықсыздан
Жаладан жапа шеккен боздақтарды.
Қысса да қаскөй жылдар қаһарымен,
Нұрландым жаңа күннің шапағымен.
Қабыстым қайта салтым,дәстүріммен,
Табыстым Жүсіпбек,Ахмет,
Міржақып,Мағжан,
Шәкәріммен!
ҮІІ
Сіңірген бойыма әкем ел сүюді,
Сіңірген бойыма әкем жер сүюді.
Сіңірген анам менің жүрегіме
Сүюді қаным тамған бесігімді.
Мен де айтам ұрпағыма-ұланыма,
Қанып іш деп ана тіл бұлағынан.
Өз елін,жерін,тілін сүйген Адам
Өмірде жетпей қоймас мұратына.
Анаңның тіліменен көгересің,
Толтырып бақытыңның кенересін.
Қазақша сөйлеп тұрған балдай етіп,
Атасы сүйген қандай немсересін.
Қанатым – қазақ тілі самғайтұғын,
Самғасам ешқашанда талмайтұғын.
Анамның аппақ сүті секілді ғой
Сәбиі емген сайын қанбайтұғын.
Рухым – ана тілі,бағым менің,
Мәңгілік ажырамас асыл кенім.
Қандары оянсын деп тереңінде
Ақтардым әлеуметке жаным шерін...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу