Өлеңдер ✍️
Сыр
Ақ көңілін жайғанды
Асылыма баладым,
Ақ бұлақтай қайнарлы
Сырласыма санадым.
Жасы үлкенмен ұғысып,
Жақсыларға жұғысып,
Жазылады тынысым,
Жаным жасап, ырысым,
Ашылады бағым да,
Жайнап атар таңым да.
Сыйласа жас, кішілер,
Жайым бар ғой кішірер.
Жайсаң жанды кісілер –
Бірін-бірі түсінер.
Жылысөзге ұйимын,
Күн шуақтай жылимын.
Түсі игімен тілдессем,
Төгіледі жыр-кестем,
Өмір жайлы ойласам,
Адам жайлы толғасам,
Жақсылыққа үндеймін,
Арам ойды білмеймін,
Бауыр болса адамдар,
Өмір одан алар нәр,
Жанып туған жайсаңдар
Адамзатқа ой салар,
Қамын ойлап халқының,
Ойлы өткізер әр күнін,
Парқын біліп әр істің,
Жолын салар ғарыштың,
Елім десе еңірер,
Арғымағын тебінер,
Сөз сөйлесе төгілер,
Ойдан өрнек өрілер,
Әуейі жан бола алмас,
Ар-намысын жоғалтпас,
Осы менің түйгенім,
Жасықтарды сүймедім.
Жалын атқан достардың
Қостым жиі бастарын.
Көңіл құсын шалқытып,
Тұла бойды балқытып,
Сырласқанды ұнаттым,
Сылдырындай бұлақтың
Тілдескен бір сәттерде,
Жыр тіземін дәптерге...
Жаны жайсаң – сыйласым,
Жақынымдай қимасым.
Бәрі-бәрі көңілде –
Жарқыраған өмірде,
Мәні солай тірліктің,
Тұман-түннің – түндіктің
Сілкіп селкеу пердесін,
Бойды шабыт кернесін.
Жаулық қылған пендеге,
Жауықпаймын мен неге?!
Жауыз көрсем қаталмын,
Хан ығардай қаһарым.
Кегім егер қайнаса,
Жыным егер ойнаса,
Арыстанша ақырып,
Әбжыланша атылып,
Әруағымды шақырам,
Дүлей желдей қағынам.
Ел намысын бермеймін,
Жер намысын бермеймін.
Тажалдаймын жауыма,
Жарқын құшақ – бауырға.
Бауырмалмын, қаншылмын,
Ерлік іске жаршымын,
Ерді сыйлап дауылпаз,
Дұшпандарым – жағымпаз,
Алаяқпен алыстым,
Тілгіледім, жаныштым,
Жәдігөйді жек көрдім,
Залымдарға кектендім.
Қарақан басты ойлаған,
Тірлікке арзан тоймаған –
Жылтырларға жуыспай,
Тура жанды туыстай –
Жақын тартып жүрегім,
Іштей ширап жүремін.
Қаралыққа қарсымын,
Қаталдаумын, бар шыным.
Ұлы өмірді жыр еттім,
Әділетті ту еттім.
Маңғыстауым – тұрағым,
«Бекет!» - ата, ұраным!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter