Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
10.08.2022
197
Дәніспан тау
Дәніспан тау – данышпан тау,
Тал бесіктен танысқан тау.
Сол бір сәби бейкүнә шақ,
Армандай боп алыс қалды-ау!
Дәніспан тау, тарлан ба едің?
Арлыларға арман ба едің?
Баурайыңда ізім жатыр,
Бақыт іздеп барған менің.
Дәніспан тау, арқармысың,
Сабырымды сарқармысың.
Шағынайын өзіңе кеп,
Шерім сонда тарқармысың.
Дәніспан тау бөрімісің,
Қаратаудың төрімісің.
Салқар ойдың сабасындай,
Қандай асқақ көрінісің.
Дәніспан тау, үйелменім,
Қасиетті кием менің!
Тегін емес, тегін емес,
Таушығыма∗ сүйенгенің.
Желе берсін уақыт тарлан,
Біз күтелік бақытты алдан.
Кемеңгердің керуені,
Тасқа айналып қатып қалған.
Ұққандарға сырың басым,
Сәтекемнің жырындасың.
Жанарымның нұрындасың,
Бақ іздеген керуенің,
Басқа жаққа бұрылмасын.
Дәніспан тау!, Дәніспан тау!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter