Өлеңдер ✍️
Албастының апасы
-Таң қалам, дейді кемпір құдыретке,
Түсірген жетпіс жаста сүгіретке.
Кәртішкесіз бермеді пенсиямды...
«Түсірем, ал апатай, қыбыр етпе!»
-Себеп жоқ бұл өмірден түңілетін,
Шамаң бар әлі де апа, жүгіретін.
Бермен қу, бес жүз теңге, бәрекелді,
Мінеки, дайын болды сүгіретің.
-Пау шіркін, жап-жас болып шатасуды-ай,
Көрдің бе кәртішкенің сапасын жәй.
Мынауың басқа біреу, айналайын
Бет-аузы сиырымның жапасындай.
-Апажан, неге сонша бұлданасыз?
Шынымен бұл сүгірет сіз боласыз.
-Мынауың албастының апасы ғой...
- Жетпісе қалай енді қыз боласыз?..
-Шырағым керегі жоқ келемештің,
Адамы біз емеспіз ерегестің.
Берерсің иесіне өзің тауып,
Қайтып ал, бұл кәртішке мен емеспін...
Түгендеп бермесем де жебіріңді,
Апажан түсінемін көңіліңді.
Тірліктің тауқыметі тауыстырмай,
Сезбепсің өтіп кеткен өміріңді.
Дау айтып сүгіреттің сапасына,
Ұқсатып сиырының жапасына.
Келмейді сол апайдың ұқсағысы
Әйтеуір албастының апасына.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter