Өлеңдер ✍️

  10.08.2022
  141


Автор: Рза Оңғарбай

Тасаттық

Қау бұта, қара жусан мәңгірді өліп,
Күн көзі қуырып тұр тандыр болып.
Еріні қара жердің кеберсіді
Керегі жаңғыз ғана жаңбыр болып.
Болмады тұрмыс түзу, жан қолайлы,
Өріс жоқ аяқ жетер маңда орайлы.
Сағымды сар даладан самал еспей,
Тарылтып тынысыңды шаң борайды.
-Апыр-ай қырдағы елге қиын болды,
Табиғат берер болсаң сыйың мол-ды.
Сәскеде боз төбенің баурайында,
Тасаттық туралы бір жиын болды.
Халқына қадірімен болған тұтқа,
Ақсақал сөз бастады тұрған жұртқа:
-Ей, жұртым, жаңбыр сұрап көк тәңірден
Шалайық бір адалды құрбандыққа.
Қазанда қошқар еті бүлкілдеді,
Тілегін тілеген ел іркілмеді.
Тасаттық тарауға енді таянғанда
Аспан да қарауытып күркілдеді.
Алған соң ақ тілекке жиып көпті,
Молда шал әйет сазын биіктетті.
Құдайым берді-ау деймін бір тілекті,
Ақ жаңбыр көл-көсір қып құйып кетті.
Молда айтты: «Иманды құл бек тояды,
Алланың рахымы көп қой әлі».
Кешегі коммунист шал көкке қарап:
«Құдай-ай, бар екенсің»-деп қояды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу