Өлеңдер ✍️

  10.08.2022
  239


Автор: Рза Оңғарбай

Адай баба

Ұстап қалдың сен кімнің өсиетін,
Ұстазың кім ұлықтап бас иетін?
Адай-Ата, байқасам барлап сені
Ұқсамайды басқаға қасиетің.
Замананың таңдасаң зарында – мән,
Қаратаудан жеткендей сарын маған.
Күйің бөлек құйқылжып көбік шашқан,
Әнің ерек асаудай арындаған.
Елім десең теректей тербетіліп...
Кісіліктің сендегі келбеті нық.
Досың келсе көтеріп тас-төбеңе,
Жауың келсе жібердің жерге тығып.
Көңілің көркем көктемнің сылайындай,
Түгендей намысты ұпайыңдай.
Туыс түгіл, тап болған танымайтын
Қонағыңды сыйлайсың құдайыңдай.
Тұлпар сайлап кермеден таңдап тұрып,
Сәйгүлікті сұңқардай самғаттырып,
Алысқанды аударып ат үстінен,
Жарысқанды кетесің шаң қаптырып.
Ғашық болсаң – үзілген ән қалдырып,
Билік айтсаң – тізілген маржан қылып.
Қазағыңның барсаң да қай шетіне
Жүргенің сол жұртыңды таңғалдырып.
Өсек дейтін өлмейтін жырынды лаң,
Білмегенге тегің мен нұрың күмән.
Аласартам деп сені көркеуделер,
Биіктетіп барады бұрынғыдан.
Ұрпағымыз бір ата, бір ененің,
Өткенді іздеп ө зіңе тірелемін.
Жақсы-жаман, бар болмыс бітімімен,
Бақытым сол – өзіңнен дүрегенім.
Пендесінің тілегін екі етпеген,
Иман – рухым, Пір Баба – Бекет деген.
Тектік атам – АДАЙ шал, жерұйық деп,
Маңғыстауға ұрпағын жетектеген.
Қателік жоқ, иншалла, ойлауымда,
Болады анық бір ұлық той қауымға.
Тірілем деп, сол күні, көрінем деп,
Қаратаудың жатырсың қойнауында.
Ән қайыоып, күй шертіп, ат шаптырған,
Маңғыстауың мекенің – мал бақтырған.
Келген жоқсың ешқайдан, кеткен жоқсың,
Отпан тауың – ошағың от жақтырған.
Ыңғайында кетпес деп иықтының,
Алла нұрдан жаратқан сүйікті ұлын.
Қай мілләттің қасына тұрсаңдағы
Байқалады, жан баба, биіктігің!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу