Өлеңдер ✍️

  10.08.2022
  120


Автор: Рза Оңғарбай

Қаратау

Қатпар-қатпар Қаратау,
Қабағы ма едің қартымның?
Буыршын мынау заманға
Бурасы болып артылдың.
Баурыңда бір тал жоқ,
Атқақтаған ақ бұлақ
Суалып сен де сарқылдың.
Айбарым едің ақырғы,
Анасы болған салтымның,
Панасы болған халқымның,
Зілзаланың өртіне, Замананың дертіне
Сен де аяусыз шарпылдың.
Ел жиылып етекке,
Ерулі дәурен құрғасын,
Ұқсап бір шандоз шау нарға
Кең аймақ болып тұрғасын;
Маңғыстау деген еліме
Қадірлі-ақ еді бір басың.
Өзегіме өрт түссе,
Өзің едім сырласым.
Замананың сездің бе –
Ар-иманнан ада боп
Біздерге мойын бұрмасын.
Ай да безіп жоғалған
Қол жетпейтін көктегі
Шыңға тағып сырғасын.
Етегінде енші алған,
Бес ешкісін кіш-кіштеп
Қуалап жүр құрдасым.
Ей, киелі Қаратау!
Біз фәниден өткен күн
Ит сарымас қыларға
Бұйырса жақсы бір тасың.
II
Қаратау қайсар кемедей,
Теңізде жүзген телегей
Шыңдарың сенің шаншылған
Көкке атылған жебедей.
Тағдырдың қара дауылын
Тұрмақсың қанша елемей?!
Бауырыңа сенің жегі құрт
Жалмауыздай тізілді.
Жарқылдап оттар күні-түн
Күшейтіп жатыр гүжілді.
Куә болған кәрі аспан,
Жалбыр бұлтпен жарасқан
Шыңдарың тозып, мүжілді.
Мәңгілік деген мәңкиген
Бекіре белің үзілді.
Ей, Қаратау, қартым-ай!
Қабағың неге түйілді?
Шынжыр табан әбжылан
Қаптатты саған үйірді.
Кемірумен күні-түн
Тесетін болды бүйірді.
Шырқыратып жаныңды,
Сорғалатып қаныңды
Шыңыңа салды шиырды.
Қабырғалы қара тас
Аралап кетті қиырды.
Байлығың сенің Хаққа емес,
Пысықтарға бұйырды.
Құдырет емес адамдар
Көрсетіп жатыр «сыйыңды» -
Іс аяғы қиын-ды.
Қорғайтұғын өзіңді
Бақа-шаян перзентің
Қуалап кетті тиынды.
Ей, Қаратау, қартым-ай,
Арқарың қайда арқарың?
Сезді ме екен олар да
Дәуреннің бастан тарқарын.
Белі сынған Қаратау
Сабырын бір күн сарқарын.
Белгілі болды қайтейін
Кінаны маған артарың.
Қайырсыз туған халықтан
Телмеңдейді тынымсыз
Қара бала сары қарын.
Тап болып дүлей, сор мұңға,
Мәңгілік деген орныңда
Қалмаса игі шаңдағың.
Ей, Қаратау, қартым-ай!
Ей, Қаратау, қартым-ай!
III
Қарату – қайсар ғажабым,
Аз тартпадың, көп тарттың
Сен де өмірдің азабын.
Қараулардың қорлығын,
Бастан кешкен зорлығын
Мен де өзіңдей сорлымын.
Мен де сендей көп кештім
Тағдырымның мазағын.
Жебір көрген жаныммен,
Қара сия қаныммен
Жаралы жыр жазамын.
Ей, Қарату – базарлым!
Әруақтым – ажарлым,
Еңсең неден езілді?
Жас жуды ма көзіңді?
Тауыстың ба төзімді?
Ересендей қалпыңның
Еңкейгені сезілді.
Көлбеңдеген көлгір бұлт
Ол да сенен безінді.
Ере алмаған жетекке
Еңіреген етекте
Естимісің сөзімді?
Бауырыңнан аққан бұлақтай
Өрен жырға сарқылмас,
Төрелесе келгенде
Өзіңнен пенде артылмас.
Он екі перзент – бірі жоқ,
Өзіңнен өзге тірі жоқ,
Оңалатын түрі жоқ
Өмір өгей, жат екен,
Мәңгілік деген қате екен.
Ей, Қаратау – қартым-ау,
Бір шыңың ба – Сәтекем?!
Қан-қан болған қасқа айғыр,
Бұрынғыдан басқа айғыр
Жер тарпыған жұлқынып,
Батысқа қарап кісінеп
Қасіретті болжаған.
Көрсеткен зайыр – ісің ет,
Түмеке* сенің түсің ед.
Айналайын абызым,
Атадан артық туылдың,
Сол бір аян түс үшін
Қанша жыл елден қуылдың?!
Имандылық шыңына.
Шашақталған ту ілдің.
Тарих деген мұң екен,
Тағдыр деген сұм екен.
Ей, Қаратау, қартым-ау,
Бір шыңың ба Түмекем?
Күн жетеді бұлаңдап,
Жыл кетеді тұмандап.
Тыңдап тұрсам құлақ сап,
Шың басынан шерлі бір
Үн жетеді шығандап.
Сол бір үнің асқақ үн,
Батыр – аңқау, ер – көдек
Сіздер бөлек, мен бөлек.
Мен сіздерден басқамын,
Біздің мұң да басқа мұң.
Ей, Қаратау, қартым-ай,
Омыртқаңды омалтқан,
Рухыңды жоғалтқан
Мен де шерлі қасқамын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу