Өлеңдер ✍️

  10.08.2022
  112


Автор: Рза Оңғарбай

Айнам қалған

Қиын тағдыр, кімді сен оңдырасың?
Қимайтындай жоқ еді мол мұрасы.
Есжан кетті қуылып қалың елден,
Жан серігі жалғыз-ақ домбырасы.
Артта қалды ел мен жұрт, туыс тәмам,
Ақбикеш қыз – ғашығы суыспаған.
Бар жазығы ғашық боп бай қызына,
Өлкесінде өнердің ту ұстаған.
Қырсық үйір қазақтай қайманаға,
Қалмау керек әйтеуір бай налаға.
Аузында – Алла, ойында – Ақбикеші,
Күйші кетті қаңғырып айдалаға.
Дәм бұйырмай елінен, мәзір тұрмақ,
Түсті басқа жалғыздық қазір шындап.
Демалады жолаушы белін жазып,
Қу шілік пен қурайдың сазын тыңдап.
Аумағасын аңызақ есіп көптен,
Қара жұрттан қалың ел көшіп кеткен.
Келе жатыр жолаушы азып-тозып,
Сақал шашын жел тарап, өсіп кеткен.
Тыңдамаса құлақ сап ел данасын,
Жоғалтады текті ұлын, бел баласын.
Кезе берді сорлы Есжан, шарлай берді
Таусылмайтын қазақтың кең даласын.
Жүрегінде мұң менен толып қайғы,
Күйші жігіт күрсініп, солықтайды.
Махаббаттың мәңгілік әні үзілген –
Ақбикешпен қайтып ол жолықпайды.
Бедірейген дала да дым білмейді,
Жүрмедің бе, бәрібір жүрдің мейлі.
Сағынышты сезімнің сырлы сазы
Кең далада күй болып күмбірлейді.
Кеңістік пен ауқыт өлшемдері,
Шыр айналар қыс пен жаз, жол шеңбері.
Кезбе күйші тап болды тойлы ауылға,
Бұлғақтаған төрінде өңшең сері.
Біреулердің жүрегін ыза тіліп,
Бұл-дағы ел-ді шығатын қыз аһ ұрып.
Құда түскен бір байдың баласына
Жатыр екен Ақбикеш ұзатылып.
Жолға түзеп жүкті нар, саяқтарды,
Той да міне, ақыры аяқталды.
Ақбикеш қыз отырып күймесіне,
Қоштасатын қимас сәт таяп қалды.
Жігіттердің намысын жаныған боп:
«Өздеріңді жат елде сағынам бек
Ескерткішке бір-ақ күй тартыңдаршы»,-
Деді Ақбикеш, Есжанды таныған жоқ.
Хас өнердің перісі жиі арбайтын,
Сәт осы еді арманды ер қиялдайтын.
Жүрегінің түгі бар жігіт қайда,
Ақбикешті балқытып күй арнайтын?!
Тамсандырар талайды шағында әлі,
Мұңлық сұлу ынтығып, жалындады.
Аңтарылып әлеумет күткенменен,
Өрен жүйрік өнерпаз табылмады.
Болмаса да Есжанда көңіл нұрлы,
Дулы топқа мойынын жеңіл бұрды.
Жұлып алып арудың домбырасын,
Бір әуенді ғажайып төгілдірді.
Бір әуенді ғажайып төгілдірді,
Уақытты қайта артқа шегіндірді.
Жанарына ып-ыстық жас үйіріп,
Ақбикешті балқытты, егілдірді.
Халайықты күрсінтті, еміндірді,
Мұңға оранды сол бір сәт көңіл нұрлы.
Аңсауы көп жүректі аһ ұрғызып,
Қабырғасын сұлудың сөгілдірді.
Күйші Есжанның қары ұйып, белі талды,
Желіккен жұрт желқабаз болып алды.
Ақбикеш қыз толқыған, тебіренген
Домбырасын абайлап қроына алды.
Саябырсып көңілі алып ұшқан,
Жүрек сазып сиқырлы сағыныштан.
Домбырасын шерткенде төңірекке,
Қалықтады жұмбақ бір жалынышты ән.
Мәңгі сақтар жетер ме күшің, тегі,
Жан жарасы, махаббат ішіндегі.
Қайдан шыққан бұл әуен, кімге арналған –
Күйші Есжаннан басқа ешкім түсінбеді.
Ақбикеш қыз күй тартса жайнар жалған,
Қаумалады қалың ел қайран қалған.
«Қош болыңдар, ел-жұртым, қайран жастық,
Бұл күйімнің атауы «Айнам қалған».
«Құрметтеп жатыр ғой құлай бәрі,
Қызық екен жастардың сыңайлары.
Бет қарайтын болмашы әйнек үшін,
О несі екен Бикештің мұңайғаны.»
Деп әкесі оз ойын жобалады,
Ақбикештің көз жасы домалады.
Айна деген махаббат тұмары еді,
Тартылған күй ғашықтың обал әні,
Той-думанмен бүгінгі жолдан қалған,
Кетті Есжан да көңілі ойрандалған.
Жүрегінде мәңгілік махаббаты,
Құлағында жаңғырып «Айнам қалған».
...Дала жатты кеудеге жиған зарын,
Ұқпаджы жұрт – айна боп күй қалғанын.
Білмеді ешкім – қалған сол айнаменен,
Талай ғашық көрерін дидарларын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу