Өлеңдер ✍️

  10.08.2022
  114


Автор: Рза Оңғарбай

Түн. Ауыл. Қызқашар

Айқайын артқа тастап азаптың көп,
Қырдағы малшы ауылға ғажап түн кеп,
Шалқаңнан жатып алсаң жұлдыз санап –
Өзіңді сезінесің қазақпын деп...
Ауылда жанталас жоқ күн санаған,
Маңайды зәулім үй жоқ тұмшалаған.
Жаратқан әуелде өзін табиғатпен
Жап-жақын табысар ма мұншама адам!
Тыныш түн, жұрт тыныстап, көз ілді мал,
Бір ғажап еріткендей сезімді бал.
Сен енді шылымыңды тұтатып ап,
Асықпай айналаңа көзіңді сал.
Кең дала еркін жатып керілгесін,
Қиялға көңіл қалай берілмесін?..
Сен өзің аспанда да емес, жерде де емес,
Кәдімгі кең пейіштің төріндесің.
Адырлар қарауытар қалыңдай боп,
Сәулелер сырғанайды залымдай боп.
Жалбыр бұлт тау басына ілініп қап
Желпінді арыстанның жалындай боп.
Шегініп қара таулар биік тарлан,
Төңірек тұскиізбен тұйвқталған.
Аспан тұр ақ сәулені жұтып алып,
Саумалдай сабадағы ұйып қалған.
Ақ түнде борбас таудың көрігі асар,
Жұмбақ түн жаны барды сері жасар.
Дегендей міндетімді ұмытқам жоқ,
Әупілдер ұйқылы-ояу Бөрібасар.
Қорымда байғыз жылап сұңқылдайды,
Желіде жампоз інген ыңқылдайды.
Боз тұман сауырына су толтырып,
Түнімен боз көдені дымқылдайды.
Ит-құстан үркіп үйір дүбірлейді,
Жылқышы итке айтақтап «жүгір» - дейді.
Төсекте ақшұнақ шал аунап түсіп,
«Иә, Құдай, сақтай көр!»- деп күбірлейді.
Өзді-өзін тастан-тасқа лақтырып,
Ыршиды қыз қөылықты бұлақ күліп.
Аулақта шопан жігіт ән қайырса,
Тыңдайды жас келіншек құлақ түріп.
Анасы ғашық қызға дұшпан құсап,
Елегзір еске түсіп қысқан құшақ.
Қу кемпір босағада жатып алған,
Аңдыған Ертөстікті Мыстан құсап.
«Сұлуың жатқан шығар қайда жүр»-деп,
Қайрайды жігіт досын «айла қыл»-деп.
Сүйкенсе жігіт үйге түйе болып,
Қарғанып кемпіл қуар «жайрағыр»-деп.
Көрінбей түйе дейтін «досы» көзге,
Түсінбес кемпір іске тосын, өзге.
Көрпесін қобылай сап, апыл-ғұпыл,
Сып беріп, қыз қашады осы кезде...
Аппақ бұлт шың ұшында тұр байланып,
Жатқандай жәннат түнде қыр да ойланып.
Осы бір жұмбақ түнде – ұжмақ түнде,
Өзім де бара жаттым жырға айналып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу