Өлеңдер ✍️

  10.08.2022
  94


Автор: Рза Оңғарбай

Қаламқас

Ақын көңіл әуелден алаң ба еді?-
Ынтықтырған ынтазар далам мені.
Қайран апа маңдайың ақ күміс те,
Ал қастарың керілген қалам ба еді?
Не дауа бар көңілдің алаңына,
Тағдырыңа куә ма дала мына?
Қаламқас деп атыңды атасам-ақ
Ілінесің жыр болып қаламыма.
Жаратқанның мейірі құлады ма


Сен айналдың береке бұлағына.
Мұнаралар сияқты сенің сүлдең
Айдан алқа тағынған құлағына.
Құлап түсіп қос бұрым жауырынға,
Тап болдың ба тағдырдың дауылына?
Жатып қапсың иен сор, қиян шетте,
Өкпелеген жандай-ақ бауырыңа.
Маза бермес ормандай ойым маған,
Жыр жалғасар нүктесі қойылмаған.
Несібесі бұл жердің артық болса,
Сұлулықты Құдай да мойындаған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу