Өлеңдер ✍️

  10.08.2022
  246


Автор: Рза Оңғарбай

Маңғыстауым

Күтуші едің тағдырдан сыйды асыға,
Маңғыстауым май сіңген құйқасына.
Кереметің, келіскен кербездігің
Сұранады өлеңнің ұйкасына.
Келеді ме қу тағдыр, табалағың?,
Етегімді жынды жел сабаладың.
Байлығымды бәсіре қылармысың,
Өкпек желі өткінші замананың.
Жол жеткізбес жалғасып шақырымдай,
Мұнаралар даланың батырындай.
Мың сан тұрба Қаламқас* дөңіндегі
Өрмекшінің тоқыған шатырындай.
Мұнаралар Жетібай* жазығында,
Көгеніңе қағылған қазығың ба?
Аңыз болып, жыр болып айтылады,
Ең алғашқы фонтанның сазы мұнда.
Мұнайшыға мәртебе өз еңбегі,
Мұнай мен тер ырыстай көзеңдегі.
Түнді түріп, таңды ерте атырады,
Алтын жалды алаулар Өзендегі.*
Қаражанбас* қара жұрт мекен едің,
Қиялымды қиянға жетеледің.
Қиын кезде жарасам бір қадеңе,
Жер түбіне жаяу-ақ кетер едім.
Жоғыңды іздеп туған жер, кетер едім,
Қияндарға көз тікпес бекер елім.
Қабаттағы қысымын мұнайыңның,
Өлеңімді өрт қылып көтеремін.
Құлан аулап, қырыңнан киік қуған,
Маңғыстауым бейнелі биік тұлғаң.
Беріп жатсың барыңды еліңе сен,
Аруанадай ақпейіл иіп тұрған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу