Өлеңдер ✍️

  10.08.2022
  130


Автор: Рза Оңғарбай

Ару мен айна

Дидарына аспаннан ай құлаған,
Сұлулыққа сүйсінбес қай ғұламаң.
Ару отыр айнадан көз алмастан,
Аққу құстан бейне бір айнымаған.
Мекеніндей пейіштің төңірегі,
Айьын – айна, аққу қыз керіледі,
Аппақ тәні кіршіксіз аппақ қар да,
Ал шаштары қап-қара көмір еді.
Кең маңдайы даланың жазығындай,
Кірпіктері қақпанның қазығындай.
Сыңғырлаған дауысы бір естісең,
Ер жігіттің өмірлік азығындай.
Кім мойындар осылай дара тумай,
Салтанат боп, сән болып жарасуды-ай,
Сырын жұмбақ, беймағлұм ішке бүккен
Екі көзі тұп-тұнық қара судай.
Кісі ме екен білмедім, кие ме екен,
Батыл етіп бір пенде сүйе ме екен.
Ақ маржандай қалас тістерінің,
Еріндері қып-қызыл шие ме екен.
Ақ білегі оқтаудай мәрмәр ма екен,
Ер жігітке өзіңдей жар бар ма екен.
Сені көрсе оянып Омар Һайям,
Ғашық болып ғазал жыр арнар ма екен.
Аққу мойын алманың сабағындай,
Жаңа туған ай сын-ды қабағыңды-ай.
Домбырамның аш белің сағалығы,
Одан төмен кәдімгі шанағындай.
Сылқыс сұлу сыпайы керіледі,
Мүмкін тәтті қиялға беріледі.
Кенет басын әнтектеу көтеріп ап,
Жын соққандай жылады, еңіреді.
Қыздың жүзін бір қайғы жайлап алған,
Сусып түсті еденге айна қолдан.
Ұстай алды сұлу қыз бұғалығын,
Болар-болмас бір сызық пайда болған.
Сұлу айтты: -Бақытсыз күн бүгінгі,
Көрсе қайтем ел-халық бұл мінімді.
Жұбатарға бір амал іздедім мен,
Ішке бүгіп ақиқат шындығымды.
- Қарағым-ай сол мінің қайда? –дедім,
Келер ме екен қолымнан пайда менің.
Тал бойыңда бір мін жоқ, кінәлі тек,
Олақ шебер жасаған айна дедім.
Қыз болмайды құлықсыз мақтаныңа,
Сұлу көрсең сірә да тақпа кінә.
Қыз қарғады айнасын «шағылғыр» -деп,
Мен қуандым бір амал тапқаныма.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу