Өлеңдер ✍️

  10.08.2022
  91


Автор: Рза Оңғарбай

Түс. Шайтандар...

Осы келбет, осы қайрат күшімде,
Мен өзімді жиі көрем түсімде.
Жүрегімді қолыма ұстап ылғи да,
Қалқып жүрем ақ бұлттардың ішінде.
Жап-жарық қып қолдарыма күн іліп,
Жерге сосын қарап қоям үңіліп.
Жердің беті қап-қараңғы түнектей,
Тірлігімнен кетем сонда түңіліп.
Қайда деймін алып таулар – айбыным?
Көрінбейді шалқар көлдер, айдыным.
Дым байқалмай қанталаған көзіме,
Сосын мені басады ауыр қайғы-мұң.
«Жерге түс»,-деп бұйырады пайғамбар,
Пайғамбарға жалбарынып айтам зар.
Сосын қалқып жақындасам мен жерге,
Жердің бетін жайлап апты шайтандар.
Қайта оралдым туған жерге, еліме,
Қалай тұрам тартпай адам тегіме?!
Қоршап алды шайтан біткен шуылдап,
«Жолдас қылып аламыз», деп сені де.
Өкпе сықпай, шайтан қамау төңірек,
Жанталасып жер іздеймін кеңірек.
Сосын шошып оянамын, Құдай-ау,
Ағыл-тегіл жылап жатып еңіреп.
Тірлік кешіп дәл осындай ақшамда,
Кәлимамды қайырамын сасқанда.
...Шайтан біткен жібермеді жармасып.
Қайта қалқып кетпекші едім аспанға.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу