Өлеңдер ✍️
ҚАРТ КАРЛДЫҢ ҚАЙҒЫСЫ
Қырғыннан болған ел алаң,
Шулатқан мына ғасырды.
Зұлматты соғыс зобалаң,
Күркіреп барып басылды.
Сарғая күтіп сарсылған,
Соқтырды тарих сағатты.
Арылып гүрсіл-тарсылдан,
Тып-тыныш болып таң атты.
Еңбекпен еркін күлетін,
Басталды өмір жаңаша.
Көшемен еркін жүретін,
Бейбіт күн қандай тамаша!
Ажалын аспан бүрікпей,
Жадырап күннің қабағы.
Бұлбұл құс енді үрікпей,
Құйқылжып әнге салады.
Көгінен күннің нұр аунап,
Құлаққа әсем келеді үн.
Көшеге шықты Фрау да,
Жамылып қара желегін.
Қайғырды талай, қан ішті,
Пәс көңіл қажып тоқтасын.
Хабарсыз кеткен Гансты,
Қашанғы енді жоқтасын?!
Қорқып қап дір-дір етесің,
Бір дыбыс шықса оқыстан.
Айналып әрең өтесің,
Құланды менен қоқыстан.
Көшелер әлі жарықсыз,
Жантайып жатыр бағандар.
Осы бір іске парықсыз,
Үйреніп кеткен адамдар.
Санада мәңгүрт бір елес,
Кіжінді Карл қаралай.
Құлаған мынау үй емес,
Жүрекке түскен жардай.
Қарайды келіп қарт неміс,
Келер ме бұл іс ыңғайға.
Қаланы қайта теп-тегіс,
Тұрғызатұғын күн қайда?!
Ойлаған болар осыны,
Шаншиды жүрек, мұздайды.
Өзінен-өзі тосылып,
Басады жүзін жүз қайғы.
Рейхстаг үйі өр кеуде,
Шошынды көріп сыңайын.
Қарт неміс мұны көргенде,
Боқтады деп бір Швайн
Жұмсаған осы қалаға,
Жастығын, жалын қайратын.
Еңбегі кетіп далаға,
Жоғалтқан бүгін айбатын.
Бәрі де таныс қаланың,
Тарихтың қанша ізі бар.
Көргенде әрбір алаңын,
Көңілі нілдей бұзылар.
Ерекше сұрқай күйге еніп,
Сан тарау сарсаң санасы.
Мына үйде өзі үйленіп,
Мына үйде туған баласы.
Айбатты сұлу астана,
Тұрушы ең маңғаз асқақтап.
Быт-шыты шығып, масқара,
Кеткен бе күл мен тас қаптап.
Жүдеп бір жүрек, сынды өңі,
Тұла бой кетті қалтырап.
«Гитлер неткен жынды еді,
Гитлер неткен ақымақ».
Түршігіп бойы қалтырап,
Тылсымға терең бойлайды.
Сорлатты бізді сандырақ,
Осылай қартың ойлайды.
Құнарлы байтақ егістік,
Беремін депті әр үйге.
Керек қой депті кеңістік,
Керек қой асыл Арийге.
Басқа ұлттар оған күшік кіл,
Басқа ұлттар оған тастанды.
Қайтадан кесіп, пішіп бір,
Бөлемін депті аспанды.
Тар ма екен бәрі тойғанға,
Аспанға бет жоқ қарауға.
Жұрттыкін былай қойғанда,
Өз жерім түсті-ау талауға.
Қан сасып неміс даласы,
Қайда да қайғы, зар, жоқтау.
«Ақымақ иттің баласы,
Халқымды менің сорлатты-ау!».
Жау іздеп жындай жасанған,
Жындылар талай шапқан ғой.
Қан құмар иттер қашанда,
Өздері қанға батқан ғой.
Құдайдың болсын көмегі,
Құдыретіңменен жасқағын.
Адамдар қалай бөледі?
Алланың мынау аспанын.
Алдымда қандай заман бар?
Тірліктен мынау жалықтым.
Ниеті жаман адамдар,
Сорына туар халықтың.
Тебіренеді қарт неміс,
Көңілде қаяу, нала бар.
Өртеніп қырда жатты егіс,
Ойран боп қалған қалалар.
Баспадым мауқым бір сүйіп,
Сен үшін жиған малды әкең.
Жалғызым менің Людвиг,
Сүйегің қайда қалды екен?
Қадірлі-ақ еді өз басы,
Соғыстың заңы қатал заң.
Шұбырып аққан көз жасы,
Тамшылап жатыр сақалдан.
«Болмайды бұлай, болмайды іс,
Келе ме, тағдыр, құлатқың?»
Бүкшиіп қалды шал байғұс,
Белгісі құсап сұрақтың.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter