Өлеңдер ✍️

  10.08.2022
  112


Автор: Рза Оңғарбай

ҚОҢЫР ӨЛЕҢ

Томсырайып жүргенің – соның айып,
Оңашалау, дейсің бе, жолығайық.
Жадыраған жап-жасыл жаз кеткесін,
Қоңыр күзде туыппын қоңырайып.
Маңдай түзер ер жігіт жолға, сынға,
Қоңыр үйден аттандым алғашында.
Көңіл сол сәт түр еді қоңырайып,
Қоңырқай қыз қол бұлғап қалғасын ба?..
Қоңыр атқа ер салдым ереулі етіп,
Қоңыр белден асқанмын желеулетіп.
Қабаржыған көңілім сол бір сәтте,
Қоңыр әнмен кетіп ед дереу бекіп.
Басқа түсті, дей алман, сүймес едім,
Қоңыр түспен әйтеуір үйлесемін.
Қоңырайған тұрмысы- туған елде,
Қоңырқайлау өзім де күй кешемін.
Сарынындай қоңыр жел, аяттардың,
Қоңыр кітап ішінен ой ақтардым.
Қоңырайып жарығы өшкен шамдай,
Мен де бір күн ғұмырды аяқтармын.
Өмір құрғыр емес қой бек тұрақты,
Санам менің қозғайды көп сұрақты.
...Өтерсіңдер дұға етіп қоңыр дөнде,
Қоңыр мола көрінсе төрт құлақты.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу