Өлеңдер ✍️

  10.08.2022
  108


Автор: Рза Оңғарбай

ҚАШАҒАН ЕСКЕРТКІШІ

Қашаған – жыр қара бұлт төгеді өлең,
Тайсалып ең, тарланым, неменеден?!
Құзар шыңға қонақтар қыран мүсін,
Аумай қапты бұлдырық, бөденеден.
Жырмен шайқап толтырып айдынымды,
Арқалаумен өтіп ең қайғы-мұңды.
Көтеріп ең бір өзің бүкіл елді,
Біз асыра алмадық айбыныңды.
Қарашы әне тұрғысына Тарасыңды,
Аямаған ұрпағы бар асылды.
Тебіренген теңіздің жағасында
Ескертіші ер мүсін жарасымды.
Жыр көгінде жарқырар сәулетің күн,
Отын жағып қызартам қай бетімнің?!
Әруағың кешер ме, ей, Қашеке?!
Берекесіз бір ісін әулетіңнің.
Өзің едің лайық жыр тағына,
Қиналады сөз таппай тіл тағы да.
Мен өтермін өмірден ұялумен,
Не деп кетем ертеңгі ұрпағыма?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу