Өлеңдер ✍️

  10.08.2022
  91


Автор: Рза Оңғарбай

КҮНЕЛТІСТІҢ РЕТІ

«Жаман қой қартаяды шымыр шақта-ақ,
Әй, шал-ау, неғып жатсың ыңыршақтап.
Көршіміз теледидар қоятұғын,
Әкепті Ақтау барып тұғыр- шантақ.
Қарашы, әне, жұртты – ерінбейді,
Сен құсап төсегінде керілмейді.
Айналы әйнегі бар ортасында,
Қақпағы кілттенетін керім дейді»,
Осылай келіншегі қоймағасын,
Өтер ме тамағыңнан қойған асың.
Ақша жоқ Ақтау барып әкелетін,
Амалсыз отыра қап ойланасың.
Мәселе көтерілсе тұрағыңнан,
Әуені ауыспайды бір ағымнан.
Тұғырға теледидар көтерілмей,
Тыныштық кетті дей бер құлағыңнан.
Қанына әбден өзі қарайып ап,
Құрдасым кіріп кетті сарайына.
Бір жұмыс бастап кетті ыждағатпен,
Жолатпай ешбір бала маңайына.
Бір апта сонан кейін көрінбеді,
Япырай, ерегес пе не білгені?..
Біз келсек теледидар тұғырда тұр,
Таң қалдық біткен іске төріндегі.
Күйдірген ағаш беті қоюланған,
Төрт сирақ қошқар мүйіз оюланған.
Әйнекті, кедергілі, әсем қақпақ,
Бәрі де мінсіз, сұлу орындалған.
Келіншек басылыпты шошымай көп,
Арқадан мен де қақтым, «досым-ай» деп.
Құрдасым шантағына қарап қойды,
«Реті күнелтістің осылай» деп.
Кеңес∗ қой бізді айырған көп еңбектен,
Адамның қабілетін төмендеткен.
Нарық-ай, сенен қатал ұстаз бар ма,
Жалқауды жанұшыра дедеңдеткен.




∗Кеңес өкіметі




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу