Өлеңдер ✍️

  10.08.2022
  117


Автор: Рза Оңғарбай

ҚАРАТАУМЕН СЫРЛАСУ

«Қаратауым, тасқанның басып белін,
Келмейді ме кейде бір майдан бергің.
Менің маңғаз өлкеме ғашық па едің,
Өркеш-өркеш өлең боп қайдан келдің?
Көкшетаудан кеттің бе ұзатылып,
Ақыл қосып тау мен тас – ара ағайын.
Олай болса тұратын құзға атылып,
Қайда сенің қаздиған қарағайың?
Алатаудан ашумен күйіндірген,
Мүмкін мәңгі бөлінді бір сапарың?
Олай болса, сұлудай сүйіндірген,
Қайда қалды желекті шыршаларың?
Одан әрмен қанша жол шиырладың?
Көріп тағдыр салғанын маңдайыңа.
Азғана бір қара ағаш бұйырғаны –
Алып кепсің жасырып шалғайыңа.
Сырың бар ма, Қаратау, жасырынды?
Қайда тастап кеттің сен жасылыңды.
Бәкене бір жанбысың бәсік үнді,
Кім тонады, япырай, асылыңды?».
...Құзары-бұлт, төсі-тұт, бүйірі-құт –
Әлі талай біздерді сынайды өрі.
Сауалыма әжімі жиырылып,
Қаратауым күңгірлеп былай деді:
«Ойламағын, байлығын жоғалтты деп,
Ей, перзентім, сен неге асықтырдың?
Көз салмасын көлденең көк атты деп
Бауырымы мен оны басып тұрмын».




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу