Өлеңдер ✍️

  09.08.2022
  95


Автор: Азамат ОРЫНБАСАРОВ

АНАМА

Бір ерекше серпін берсе шабыт деген жел кеп тың,
Шебері ғой ақын шіркін өлең атты өрнектің.
Жүрегімнен талай-талай жыр шығарып жүрсем де
Әлі күнге ана жайлы бір толғанып көрмеппін.
Асқақ ана, шабытымды өрлеттің.
Деп айтқансың: бәрімізді жаратушы тәңір бар,
Серік болар ер жігітке ақылы мен сабыр дәл.
Ал ендеше өз борышын өтемекке бойымда,
Ақ сүтіңмен асыраған атойласын тамырлар.
Ақ жүректен ақтарылсын лағылдар.
Арманыңды биік-биік белестерде тұратын,
Тентек ұлың айтқызбай-ақ көздеріңнен ұғатын.
Халқың үшін сен артықсың, сен асылсың өйткені
Құрсағыңды жарып шығып, жарық көрді бір ақын.
Жырмен өрген арманы мен мұратын.
Дәл осы бір күнге дейін тұмар болдың көз өтпес,
Ақыл бердің бір басымнан ешбір артық сөз өтпес.
Надан қылмай адам қылған, өтінемін, Анашым,
Енді сені асырайын, ұлыңызбен кезектес,
Бізге тиер болмай тұрып кезек кеш.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу