Өлеңдер ✍️

  09.08.2022
  103


Автор: Мұхамбетберді СҮЙІТОВ

Жанды түйер шүберекке алмас ұл...

Жанды түйер шүберекке алмас ұл,
Өйткені, Отан сенен асқан бар ма асыл?!
Ғаламдағы көк бөрідей бейнеңді,
Қылбұраумен қылғындырды сан ғасыр.
Тозақ бұлты торлап неше көгіңді,
Топыраққа талай қалам көмілді.
Сүйем жерді сүйіп өткен бабамның,
Өзің үшін жауһар қаны төгілді.
Ындым кеуіп, ұрттап ішем суыңды,
Тұғырыма мықтап қадап Туымды.
Өйткені, Отан, дақ түспеген дидарың,
Ұмайы-ана көз жасымен жуылды.
Мейлі, мейлі үйсіз-күйсіз жүрейін,
Ұлы Отан тілеуіңді тілейін.
Менен асқан бақытты жан жоқ, сірә,
Бар өмірді бір өзіңде сүрейін.
Керек емес түк те өзіңнен бағалы,
Қазақстан – ар мен ұждан қамалы.
Босағаңнан бір төмпешік бұйырса,
Тілеуім жоқ, маған сол да жарады.
Аярым жоқ, жолыңда әркез бір жаным,
Қолыңдағы сақасымын құлжаның.
Қазақстан, ұлың болып жүрмін ғой,
Бірақ саған құл болсам да ырзамын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу