Өлеңдер ✍️

  09.08.2022
  113


Автор: Мұхамбетберді СҮЙІТОВ

ЖЕЛТОҚСАН

Желтоқсан еді ерлік пен ездік арбасқан,
Намысы қозып, санасы сергіп шаң басқан.
Көк мұзға қайрап ақ арын қазақ қиқулап,
Есер билікке төзе алмай жаны алдаспан.
Шәмшінің әні сайратқан еді таңдайын,
Жұмекен жыры түнектен жанға шамдайын,
Елім деп менің ерлерім тұрды еңіреп,
Аршын қыздарым таяққа тосып маңдайын.
Желтоқсан еді табанды көк мұз қажаған,
Алатау тұрды жанары жас боп азадан.
Қыршындар кетті қыспенен бірге қиылып,
Жанында лаулап ғажап ән.
Желтоқсан еді сенімдер аппақ тапталған,
Сүреңсіз қала, жоғалған еді бақтарда ән.
Жасытпай жігер,жалындатқан да жастарды,
Азаттық деген тәтті арман еді, тәтті арман.
Желтоқсан еді еркіндік қазақ аңсаған,
Құлдықтан бизар, тәуелсіздікті тамсаған.
Дүлейге қарсы, ызғырықтардан үзіліп,
Арыстан жүрек қанша адам кетті, қанша адам?
Желтоқсан еді көшеде қатпар мұз қатқан,
Қабағы қалың атушы еді сыздап таң.
Ұлтымның ұртын семсермен тілген жауыздар,
Жігітті сабап, желкілдеп тұрған қызды атқан.
Желтоқсан еді сатқындар сансыз мақталған,
Марапат алып жастарды жойған шақтардан.
Қапаста өлген Қайраттай қайыс ерлерден,
Сұмдыққа толы, шындыққа толы хат қалған.
Желтоқсан еді басшының зілі үдеген,
Жанары жас боп көңілі жұрттың жүдеген,
Көтеріп алып алапат күшті аманат,
Жігерлі жастар көк мұзда көп күн түнеген.
Желтоқсан еді жолдарда қанды із қалған,
Қырандар құлап, қиылып еді құздардан,
Сол жастар солай ұстатқан қолға азаттық,
Бізде арман жоқ қой, бізде арман!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу