Өлеңдер ✍️
АҚТАУҒА АРНАУ
Шәр туралы өлең де көп, жыр да көп,
Бірақ, Ақтау, сенің жолың бір басқа.
Әр күн сайын шомыласың нұрға ерек,
Сенен таптым жақсы дос та, сырлас та.
Сенде түнеп, сенде тағы таң асам,
Ару Ақтау, сені қанша өпті алаң?
Көркем біткен көркіңе қарасам,
Құдай соққан жұмақсың ба деп қалам.
Сенен өзге шаһар біткен тас кебін,
Болса-дағы алтын, күміс, қоласы.
Жұрт мақтаған анау жатқан Мәскеуің –
Тек жәй ғана тірілердің моласы.
Самарқанд пен Бұһараны ұлы ақын
Бір сұлудың бір меңіне беріпті.
Ал мен болсам Ақтауымды тұратын
Мың бикешке бере алмаспын көрікті.
Қанша жылдар өтсін мейлі арада,
Мен бәрібір бұл қалаға ғашықпын.
Ауылды аңсап кетсем-дағы далаға,
Қайта айналып келуге оған асықтым.
Өйткені Ақтау бауырына басты мың,
Дала жақтан келген мендей бір ұлды.
Бұл қалада өтіп жатыр жастығым,
Бұл қалада сүйгенім жүр бұрымды.
Сондықтан да, жұмақ қала, өзіңдей
Жақсы көрмен Ұрымды да Қырымды.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter