Өлеңдер ✍️
Ой, өмір-ай, қысқа қамшы сабындай,
Ой, өмір-ай, қысқа қамшы сабындай,
Кер кеттің ғой, дертті еттің ғой жанымды-ай.
Қазағымды қайда әкетіп барасың,
Арнасынан бұра тартқан ағындай,
Бұл ғасырдың лайланған тұнығы,
Алғаш ләззат алған қыздың арындай.
Жігін білмес харам менен халалдың,
Ойы астасқан жүрісімен шабанның,
Көрдегіге Құран оқып көрмеген,
Айтатыны әлгі діншіл «данамның»
«Таза мына Хақ жолына қайшы» деп,
Мазарына барғызбады бабамның.
Қызым анау көрсетем қай бетімді,
Сөндіргендей қылды жанған отымды.
Кіндік ашып, кімді ғашық етпекші,
Ерсі киім үстіне іліп не түрлі,
Ауыз үйдің төсеніші секілді.
Ұлым сірә бағы тайған сормаңдай,
Ер жігіттер итке айналды арландай.
Әр бұрышты, әр қуысты мекен қып,
Мәз болады ауада ізі қалғандай
Наша шегіп қарқ-қарқ етіп күледі,
Құмырысқадан піл тудырып алғандай.
Ақсақал да бұл күндері құрыған,
Әңгімені қозғар болсақ шынынан.
Бермесе де ақылының уызын,
Үлкен дарын дәметеді ұлынан,
Пышақты да қайраққа сап қайрамай,
Күтпеген жөн оны өткір кырынан.
Бұған бірақ назар салар жан қайда,
Қария жоқ құлақ асар мән-жайға.
Сара жолды салмағасын ұрпағы,
Бақытсыздық өлкесінде қалмай ма.
Тіршіліктің түлкі мінез жандары,
Сосын бұғау оларға оңай салмай ма?!
Көп қайғырдым иттігінен қоғамның,
Бастайтындай жағдайым жоқ көп алдын,
Ібіліске ілескесін тірлігім,
Мен қалайша періште боп оңармын,
Адалсың деп кінәлама ей жұртым,
Көп ұзамай мен де сендей болармын.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter