Өлеңдер ✍️

  09.08.2022
  411


Автор: Фархад МҰСАЕВ

БІР ЖЫЛ БОЛДЫ СТУДЕНТ БОП КЕТКЕЛІ...

Кеудедегі сағынышта өлшем жоқ,
Бүйтпесем ғой, жыл өткізбей келсем көп.
Қала жақтан дала жаққа аттандым,
Туған ауыл тірлігіңді көрсем деп.
Қандай ыстық өскен жердің көп белі?
Орталықтан жатса-дағы шеткері.
Бір жыл болды бітіргелі мектепті,
Бір жыл болды студент боп кеткелі.
Жол үстінде әр нәрсені ойланып,
Өткен күннен естеліктер ойға алып.
Еніп кірдім қанат қаққан ұяма,
Қуаныштың жылы лебі бойды алып.
Мезгілсіз күн қалады-ау деп келіп мен,
Күте-күте көзі талып зеріккен.
Сол баяғы әдетімен жаттанды,
Анам байғұс күтіп алды көліктен.
Көп өзгеріс болған сынды ордамда,
Көз салып ем маңайдағы көп жанға.
Мен кетерде жер бауырлап жатырған,
Қара күшік айналыпты көкжалға!
«Көптен бері көрінбедің неге сен,
Келер едің қайным бізді елесең»
Деп сайтани ойды салды санама,
Байы сапар шегіп кеткен жеңешем.
Болып жүрсе «байтал түгіл бас қайғы»
Көрші кемпір ескі әуенін бастайды.
Мені мақтап, әзіл-шыны аралас,
«Немерем бар, соны алшы» деп қақсайды.
Ол ұға ма өзге жанға ғашықты,
Өткен күндер бар сырымды ашыпты.
Сүйгенімнің апаратын үйіне,
Жалғыз аяқ жолымды шөп басыпты.
Сол жолыма қарай бердім елеңдей,
Өшкен бақыт қайта айналып келердей.
Бірақ шөптер сыбдыр-сыбдыр етеді,
Енді сенің жолың басқа дегендей.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу