Өлеңдер ✍️
ҚЫЗДАРЫМА
Көкейімнен құйылады мақпал ән,
Жүрек қылын тербететін шақтар ән.
Бар тілегім – амандығың сендердің,
Одан үлкен менде арман жоқ, балам!
Мендегі ой, мендегі арман еңселі,
Жақсы болсаң, күтер талай төр сені.
Маған тұңғыш ана атын сыйлаған
Жүрегімнің бір кішкентай бөлшегі!
Қызығынан қиыны көп тірлікте
Сендерсіңдер – бақытымның өлшемі.
Бала шақтан болашаққа беттеген
Қайда, қалай апарады жол шегі?!
Тағдыр тоқсан тараулардан тұрады-ау,
Осы – менің күй-кеудемнің кемсеңі.
Бұл өмірде жылда өзгеріп, түлеген
Кездеріңді көрмейінші жүдеген.
Езулерің күлкі тұнған балдәурен
Оның өзі – анаң үшін бір әлем!
Бала сүйдім, ана атандым, дүние!
Қызығыңа тояр ма екем, сірә, мен?!
Менен «Үлкен бақыт не?» деп сұраса,
Екеуіңнің саулығыңды сұрар ем.
Менің титтей егіз қызғалдағыма
Шуағыңды аямай шаш, Күн-әлем!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter