Өлеңдер ✍️
ТЫНЫС БЕЛГІЛЕР ТЫНЫСЫ
Астарын небір жұмбақ ой көмкерген
Тағдырым тұрады сан теңдеулерден.
Өмірім салаласып, байланысқан
Сабақтас құрмалас кіл сөйлемдермен.
Арманым жақындатты жырақтарды,
Қағазға құпиямды жыр ақтарды.
Көмбесі көңілімнің тосады ылғи
Алдыма шешілмеген сұрақтарды.
«Лүпілі тоғысса, - деп, - жүректердің»,
Қиялдан қарлығаш-ой түлеткем-ді.
Жанымның желбіреген жалауы ол –
Ойымды аяқтаса леп белгі!
Сан арман қанат қақпай тұр жақшада,
Салса да бұлбұл ұя жыр-бақшаға.
Жете ме сынған көңіл сыңарына
Сезімі қалып қоймай «тырнақшада»?!
Күндерім құралса да күтулерден,
Көңілім сеніменен бүтінделген.
Бақытты менен, сірә, жан болмас-ау –
Жалғасса қуанышым үтірлермен.
Гүл-сезім шешек атып, тіктесін бой,
Қалмасын жүректердің бүкпесінде ой.
Сарғайып сағыныштан жүргендігім –
Өзіңді аңсап, жаным, күткесін ғой!
Көңілімдегі көп сұрау белгілердің
Өзіңе сендім, жаным, нүктесін қой!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter