Өлеңдер ✍️

КӨҢІЛІМНІҢ КӨКТЕМІ
Мен осы ғажайыпқа сенем-ау көп,
«Қуаныш пен шаттыққа бөлер-ау» деп.
Сол күнді сағынышпен тосам жиі,
Көктемін көңілімнің «Келер-ау» деп.
Мұңайып, жүрек қанша сыздамады,
Жанымда жүр сол шақтың ызғары әлі.
Мен аңсаған бір көктем келеді әлі,
Ауыспай ма,
Қашанғы күз болады?!
Қарсы алсам қуанышпен таң нұрларын,
Күтемін көктемімнің жаңбырларын.
Сол көктем жеткізеді кеудемдегі
Керемет күйсандықтың сан жырларын.
Жүректе аялаған ән құндағын,
Тербеткен жыр желкенін тағдыр барын!
Салатын ол көктемнің әні ерекше,
Оранған жасыл желек сәні ерекше.
«Тамаша құбылыс» дер көктем деген,
Көңілдің періштесі елең етсе.
Сылдырап жылғалардан су ағады,
Су ағады, естіліп бұлақ әні.
Даланы көріп тұрып гүл жайнаған,
Менің қос қызғалдағым қуанады.
«Көрсем, - деп, - жайқалғанын жасыл жырдың»,
Сенімнің сан моншағын қасыма ілдім.
Бір сурет көз ұшында сағымданып,
Көктемді көңілімдегі тосып жүрмін.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇