Өлеңдер ✍️
АТАДӘСТҮРДІ АҢСАУ
Білуге деген жақсы мен жаман арасын,
Ескілеу менің заманауи көзқарасым.
Ата дәстүрді аяққа таптап, ұлтым-ау,
Түсінбей жүрмін, қай жаққа кетіп барасың?
Қай жаққа барып, кім болғың келеді, келіндер?!
Табиғилығын жоғалтқан шие еріндер,
Сояудай тырнақ, ұйысқан шашпен сән қуып,
Жалғасқан кешке сендердегі гүл-өмірлер.
Сыйламай жүрсе сақалы аппақ атасын,
Сыйламай жүрсе ақ жаулық тартқан анасын;
Ұстауға ине икемсіз, аппақ саусақтар
Көңілдердегі жыртықты қалай жамасын?
Жылытқан су мен жарығын мұндай жайың тұр,
Сонда да жүзде қиналған түрлі уайым тұр.
Сабаудай кірпік қолменен қойған жапсырып,
Енесіменен ұрсысайын деп дайын тұр.
Айтқызып қойса – көсемсің өзің, шешенсің,
(Білігі жоққа айтылған ақыл – бекер, шын).
Иінағаштың салмағын сезбес иықтар
Тұрмыстың аз-маз салмағын қайдан көтерсін?!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter