Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
09.08.2022
158
Ажарым – ай да, көркім – күн...
Ажарым – ай да, көркім – күн,
Ерекше мінез, еркінмін.
Үстемдеу басқа баладан,
Еркесі едім кемпірдің.
«Қарғама жетпес, - деп те, - адам»,
Тең таппаушы еді «Ақ Мамам».
«Құлыны, қоңыр қозысын»
«Сүттен де ақ» деп мақтаған.
Желбіреп жібек тұлымым,
Еркелеу еді қылығым.
Отырушы еді іздеумен
«Келдің бе, - деумен, - құлыным?!».
Келер-ау көктем, күз, мейлің,
Күндерден күдер үзбеймін.
«Келдің бе, - деген, - жарығым?!»
Әжемнің даусын іздеймін.
Мен өскен қара шанырақ,
Тұрады орның қаңырап.
Асыр да салып он бала,
Жатушы едік жамырап.
Қауызын жарып, бүршігін,
Жалғасар жаңа тіршілік.
Иіріп аппақ ұршығын,
Отырушы едің күрсініп.
Мұра боп қалған ежелгі,
Шешемнен қалған көз енді.
Тауып берші, апа, қайда екен
Ұршығы аппақ әжемнің?!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter