Өлеңдер ✍️
АУЫЛДЫ АҢСАУ
Бұл күнде адам азайып барад күй ұғар,
Көңілде бірақ сыйласқан жанның сыйы бар.
Ауылды аңсап, сағынып жетем Бейнеуге,
Ақ мешіт болған ағамның мұнда үйі бар.
Ерекше мұнда жанарлар төккен мейірім,
Ұғасың қамқор жүректің ыстық пейілін.
Қалбалаң қағып шығады ағам алдымнан,
Ақтарып тастап ақ сүттей болған көңілін.
Сыйластық барда жүрер-ау түзу ел көші,
Сағыныш толы жанымды менің емдеші!
Мен аңсап жеттім, ауылдың иісін, жеңеше,
Жерошақ құрып, шайыңды шоққа демдеші!
Көлеңкеленіп, күн кейде шуақ төкпей жүр,
Өзіңдей болып маңдайдан ешкім өппей жүр.
Жарысқан желмен жаз күнім өткен бұл жерде,
Балалық дәурен, бал күндер қалған беткей бұл.
Елесіне ертіп өтіп бір кеткен сағым күн,
Естеліктерін тартты алға бала шағымның.
Қып-қызыл күрең, жаңадан туған ай сынды
Табаға көмген наныңның исін сағындым.
Сағындым кешті желіде бота боздаған,
Боздаған даусы жан-жүйелерді қозғаған.
Кербездік пенен паңдықты аруаналардан
Үйренсе, шіркін, сабыр мен салмақ аз ғалам.
Ауылдың қызы ем,
«Ауыл» деп жүрек соғатын,
Қиялдың құсы қияға ғана қонатын.
Өрістен қайтқан қоралы қойдың соңынан
Қамшылай сипап келетін атам торы атын.
«Ауылым» десем, кеудемде жалын, жанады от,
«Анам» деп сүйем, балаңа мені балап өт!
Киесін ұғып табаным тиген мекеннің,
Жүрегім менің соғады мәңгі «Дала» деп!..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter