Өлеңдер ✍️
МАСКҮНЕМ ЖАЙЛЫ ЖЫР
Бір маскүнем болды ауылда есі жоқ,
Жүрген әркез өміріне хошы кеп.
Ішеді ылғи шөлмек толы арағын,
«Дүниенің бар қызығы – осы» деп.
Арақ исі үсті басы аңқыған,
Күнде өтетін біздің үйдің артынан.
Қырсыққанда оған ит те үрмейтін,
Көше түгел үркетіндей «даңқынан».
Ол сорлыға арақ болды жалғыз ас,
Өзі сондай көше кезген қаңғыбас.
Жым болатын жылап жатқан бала да
Кеп қалды деп қорқытқанда әлгі мас.
Ауыл үйдің сөз ететін барлығы:
«Қолы шебер еді, іске бар қыры».
Кейде өсек боп ауыздарда гу-гулеп,
Сөз болатын маскүнемнің тағдыры.
Сол маскүнем көрінбей жүр ауылдан,
Дейді біреу: «Көтеріліп ауырған».
Бірі айтады: «Кетті дейді түрмеге»,
Сан өсекті жүрді құлақ қабылдап.
Бір жыл болды «батырымыз» жоғалды,
Ел ұмытты, әңгімесін доғарды.
Бір жылдан соң, сенесің бе?
Әлгіміз...
Аулымызға молда болып оралды.
– Сол ма өзі?
– Иә, соның дәл өзі!
Көрген елдің ұшқандай ма зәресі.
Баста сәлде, сақал түскен кеудеге,
Шапан киген аяқта бар кәлөші.
Өзгеріпті, қатты өзгерген жылда бір,
Уағызына құлақ түріп тыңда, жүр!
Саламатты өмір салты туралы,
Сол молдамыз уағыз айтып жүр қазір...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter