Өлеңдер ✍️

  09.08.2022
  84


Автор: Жандос ДЕМЕСІН

ДАЛАЛЫҚ ПЕН ҚАЛАЛЫҚ

Берден шалдың біледі атын өңірі,
Мал бағу да, емес кәсіп жеңілі.
Өмір бойы малын бағып кеңшардың,
Қой артында өтті дейді өмірі.
Шаруаның кезі де бар мәз еткен,
Шопандық бұл, кәсіп еді қажетті ең.
Шопандардың жиналысы болады,
Осы сөзді оқып қалды газеттен.
Малшы ауылы жатқан алыс ең бір түп,
Бар киімін киіп алды оңдыртып.
Сол жиналыс болатын күн таңертең,
Орталыққа жетіп келді желдіртіп.
Жиналыстар қызық еді ол күнгі,
Есік алды арқа-жарқа ел тұрды.
Костюм шалбар, аппақ көйлек киінген,
Кілең шопан үлкен залды толтырды.
Малшылары келді осылай бар маңның,
Секілді бір көктен шопан жауған күн.
Жиналысты әсем әнмен ашты да,
Бас хатшысы сөз сөйледі ауданның.
Бұл ауданда мал көп тіпті неше мың,
Құдай білсін енді қанша өсерін.
Қозылы қой төлдің басын түгендеп,
Райкомың беріп шықты есебін.
Мұндай сыйдың болатынын кім білген,
Кім бар бұрын мұндай алғыс білдірген.
Мақтау қағаз үлестірді Райком,
Шопандарға алғыс айтып бір-бірден.
Аман алып қалған малды жұттардан,
Еңбегі оның талай жерде құпталған.
Малдың басын өсірмесе, азайтпай,
Бекең ғой бұл, талай жерде құтқарған.
Деп Райком сахнаға Берденді,
Шақырып ап, жарайсың деп қол берді.
Мақтау қағаз,алғыс хатын табыстап,
Кеудесіне тақты әкеп орденді.
Үздік малшы деген белгі қараса,
Бекең үшін атақ қой бұл тамаша.
Мақтанышпен әркімдерге көрсетіп,
Мәз болады қуанады балаша.
Алдына сап, малды айдаумен ілгері,
Берден шалдың өтті бастан күндері.
Бір бас қойдың тілеп екеу болуын,
Малдан басқа қам-қайғыны білмеді.
Қорасына азын аулақ жандығын,
Жинап алып кетті ұлына қалдырып.
Жасы жетіп, төске түсіп сақалы,
Бақилыққа сапар шекті мәңгілік.
Мал мұра боп қалды келін-балаға,
Бірақ жастар не істемекші далада?
Мал мүліктің бәрін сатып тынды да,
Көшіп кетті зәулім үйлі қалаға.
Келін бала кетті өңдері жаңарып,
Жаңа қазақ болып алды қалалық.
Балконынан көп қарайды үйінің,
Ұмытқандай екендігін далалық.
Ол шопанның баласы еді міне енді,
Қала келіп төбе көкке тірелді.
Кеше көрдім Берден шалдың баласын,
Қойшысың деп мазақтап жүр біреуді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу