Өлеңдер ✍️
ҚАЗАҚТЫҢ БАСЫ
Залым заманның көргем жоқ тұрғанын оңып,
Азамат өлді бір оқтың құрбаны болып.
Қаралы жиын тарады мола басынан,
Қат-қабат жердің астына тұлғаны көміп.
Қаймана қазақ сөгіліп қабырғасынан,
Сыйғыза алмады ішіне зарын тасыған.
Жалғыз-ақ тиын екенін қазақтың басы,
Мойындап қайтты қауым ел қабір басынан.
Үрейлі ой билеп халыққа қатер көп төнді,
Қаруын кезеп қандықол «атам»- деп келді.
Алтын кәлласын қапыда Жәңгірге беріп,
Ықылас сұмның қолынан Махамбет те өлді.
Сыртымнан күліп сұм заман мазақ қылмашы?
Көзімнен ақты мөлдіреп азаптың жасы.
Қарақшылардың қолынан қала бере ме,
Қара бақырға татымай қазақтың басы.
Неліктен шындық ақырып тіл қатпайды екен,
Неліктен заман жасырып бұлғақтайды екен.
Фәни базарда бағасыз қазақтың басы,
О дүние жаққа барғанда қымбаттай ма екен?!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter