Өлеңдер ✍️

  09.08.2022
  246


Автор: Жандос ДЕМЕСІН

БАЛАЛЫҚ ШАҚТЫ АҢСАУ

Өткен жылдар ішіне жасырынды
Балалықтың мен үшін бәсі құнды.
Есіме алдым еріксіз сол бір шақты,
Тауып алып ойнаған асығымды.
Бар ойынын біздерге берген тізіп,
Балалықта көп еді көрген қызық.
Ауыл үйдің жиналып бар баласы,
Асық атып ойнаушы ек шеңбер сызып.
Ойын деген сол шақтың сыйын ұғып,
Асық аттық еңкейіп жиі бұғып.
Шеңбердегі асықты шығарады,
Атылғанда сақалар шиырылып.
Сол күндердің айрылып өрнегінен,
Бақыттың алдына сан өңгерілем.
Сақа-уақыт атылып енді өзіме,
Балалықтың шығарды шеңберінен.
Сағынамын аңсаймын сол күндерді,
Бала болып тағы да көргім келді.
Әттең, бірақ қолыма ұстатпайды-ау,
Бұл өмір асық салған қоржынды енді.
Тәтті кезі сол еді өмірімнің,
Сол шағымда ойынға көп ұрындым.
Балалығы – адамның бақыты екен,
Есейіп ержеткен соң соны ұғындым.
Балалықпен қызықтың өтті бәрі,
Бір күнім кеп бір күнді жоқ қылады.
Балалықтың ізі ме?
Асық көрсем,
Шиырып ап бір атқым кеп тұрады.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу