Өлеңдер ✍️

  09.08.2022
  113


Автор: Жандос ДЕМЕСІН

ЖҰЛДЫЗДАР АҚҚАН ТҮН

Мына түннің түсінбей тіліне түк,
Қарап қоям жанымның мұңы жетік.
Жұлдыздар-ай ғұмыры түгесілген,
Түнгі аспанды ағады тіліп өтіп.
Қақ төбемнен жұлдыздар көп ағады,
Аспан түнде осылай тоналады.
Түу, алыстан зымырап төмен ағып,
Қара жерге жетпестен жоғалады.
Түнгі аспанның жұлдыздар тастарындай,
Еріп, ағып түсетін қас-қағымда.
Бақыт шығар жұлдызға жерге жетпей,
Жоқ боп кету өзінің аспанында.
«Жұлдыз адам ғұмыры» дейді әңгіме,
Білем өмір деген бұл майданды мен.
Сансыз жұлдыз алдымда ағып түсті,
Қаншама адам кетті оны қайдан білем?
Жаратқан-ау бұларды қызық етіп,
Жұлдыз ақса ғұмырды үзіп өтіп.
Әне, тағы бір жұлдыз зымырады,
Қарашығын көзімнің сызып өтіп.
Жан бар ма екен ұйқысыз бүгін мендей,
Мына түннен бір қауіп білінгендей.
Үш айтуға «жұлдызым жоғары» деп,
Осы түнде отырмын тілім келмей.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу