Өлеңдер ✍️
АҚҰНМЕН ТІЛ ҚАТЫСУ
Оразмағанбет Тұрмағанбетұлына
Қызылды-жасыл шаһарда тұрмын,
Әруақтар мұнда көз ілген.
Мен-дағы бүгін саһарда тұрдым,
Тілдескім келіп өзіңмен.
«Ақын мен ақұн бір дейді»,- ағам,
Созады сосын дәлелін.
Өткенді бүгін тілдейді ғалам,
Неткен көп, өмір, әлегің.
Сүннетіменен хақ нәбиімнің,
Үндіден ылым құтарған.
Ылымнан өзге жоқ па бұйымың,
Іздедің тағы Бұхардан.
Жеті жұрт кеткен баябан қырда,
Жеті тіл білген сен едің.
Алланың нұрын саяладың да,
Еліңді нұрға бөледің.
Иіріп қойдай мұқтаррам елді,
Қолына бердің «Мұқтасар».
Шарғыдан өзге тұтпаған елді
Жаратты бөтен жұрт қашан?
Сен барда менің тәнім тіктелді,
Қалбымды нұрға бояттым.
«Ұйқыда жатқан ару» біткенді,
Асаңмен түрттіп ояттың.
Пенденің жоғы маңдай батады
Әулиелердің таяғын ұстар,
Көз жұмып, саған таңдай қатады
Андрусов, Баярунастар.
Бұйырған күні тұзың басқаға,
Жөйттің көріп тоқпағын.
Қызылға-дағы, қызылбасқа да
Еліңнің мұңын жоқтадың.
Ерімей Құлзым-көлімде қырау,
Кеніштен жеміс ексең де
Алғидың ала шөлінде мынау
Бейдерек қалған тек сен бе?
Қызылды-жасыл шаһарда тұрмын,
Көңіл – пітінә, діл тапшы.
Мен бүгін тағы саһарда тұрдым,
Сахардан, мақсым, үн қатшы?!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter