Өлеңдер ✍️
МҰҢЫМДЫ КІМГЕ ШАҒАЙЫН?!
Жазайын жауап толғаудан,
Толғансам, шерім қозғалған.
Пікірге түсіп бір қиял,
Шайырың қалам қолға алған.
Кешегі өткен заманда
Дүние жүзі нұрланған.
Нешелер патша өткен жоқ –
Мамық төсек, құс жастық,
Мақпалдан шұлғау шұлғанған.
Біздер түгіл, кешегі
Зұлқарнайын Ескендір,
Дәуіттің ұлы Сүлеймен
Он сегіз мың ғаламға
Дәрежесі артық бұлданған.
Солардан да өткен бұ заман
Неше түрлі қырланған...
...Адай деген ел едік,
Әруағы бұлттай торланған,
Есепсіз дәулет қорланған.
Екіталай іс болса,
Бір жағын күшпен қолға алған.
Батырлық, байлық, биліктен
Жоқ еді жерім құр қалған.
Нешебір байлар өткен жоқ –
Төрт мың жылқы айдаған,
Шыңғыртып құлын байлаған.
Билерім болды кемеңгер –
Кеңескенде кең салған,
Қасарған жерден қан алған.
Ерлерім өтті құрсанған –
Рахатпен жанын өсірген,
Салтанатпен елін көшірген.
Жел тигізбей бетіне,
Өзін-өзі қымтаған.
Арғы жерге ат сатып,
Халқы үшін терлеп, бусанған.
Бұл Адайдың ішінен
Нешебір жандар өткен жоқ,
Бала сүйіп, мал жиып,
Құдайым күйін оңдаған.
Дұшпанның тауы шағылып,
Әулием Бекет қолдаған.
Қоралап қонақ түсіріп,
Шалғынға тіктік орданы.
Медіресе, мешіт салдырып,
Көңілдің кірін қалдырып,
Ұстадық ишан-молданы.
Ақсақалға жүгінтіп,
Тартылған тура жолдары.
Сол заманның бірі жоқ,
Заманым бүгін оңбады.
Байрақты жерге қосатын
Жүйрігің едім қолдағы.
Есі дұрыс азамат
Құлағын салып тыңдады.
Аяғым сынып, мерт болып,
Талабым биыл болмады.
Талапқа тағар мінім жоқ,
Алыс жерден дәм тартып,
Бір Алла өзі жолдады.
Талабым қайтып бүгінде,
Парлап ұшқан бақытым
Қайтадан қолға қонбады...
... «Қауіпті» деп өзімді,
Тыңдамады айтқан сөзімді.
Құдіреті күшті бір Алла,
Бұл жерлерге келгенде
Тордағы құстай талпынып,
Тесікке салдым көзімді.
Қисықтың ісін жөн қылды,
Халық аузына қаратып.
Екі жылдай көндіріп,
Сөзім дұрыс тыңдалмай,
Шайырың сонда сандалды.
«Алдаркөсе» ат қойып,
Қосанның ұлын қорғады.
Пайдасы жоқ бір тиын,
«Ағартып сені алам» деп,
Білімсіз біреу қорлады.
Озалда Алла жазғасын,
Тыңдайтын пенде болмады.
Жүретін жолды айтқасын,
Көңілде қайғы орнады.
Алдым – биік, артым – жар,
Айналамды торлады.
Торда жатып сөз жазып,
Шайырың аз-кем толғады.
Ғапыл көңіл талпынды –
Құдірет солай жазғасын,
Ойлаған істер болмады.
«Қауіпті, - деді, - қоғамға»,
Жолығар пәле оған да.
Артық-кемін тексермей,
Қарамай кетті обалға.
Осындай заман болмаса,
Жүйріктен мәстек озар ма?!
Артқан жүк ауыр болмаса,
Бұйдасын нарлар созар ма?!
Ақпары кеткен арнаның
Алқабы құйсам толар ма?!
Құлпырып шыққан бәйшешек
Уақыты жетпей солар ма?!
Ата-анасын зарлатып,
Азар берсе жасынан,
Шалыс оңай болар ма?!
Біздер түгіл, кешегі
Қасиеті күшті Пайғамбар
Қайғылы болған солар да.
Айтайын сөздің келісін,
Тартайын тура желісін.
Желіге байлап ұстап тұр
Талайдың тарпаң-телісін.
Бұйырған күні кім татпайд
Дұшпанның берген жемісін?!
Көкірек – қайғы, көңіл – шер,
Көрмеңіз айып-кемісін.
Құдіреті күшті Құдайым,
Бір өзіңе жылайын,
Өзіңнен жәрдем сұрайын.
Шүкір етіп Аллаға,
Мұны да көріп қарайын.
Кеңде жүрген бір басым,
Темір тордың ішінде
Бақытымды сынайын.
Сұрап тұрған тергеуші –
Күнәhар болмай Аллаға,
Аудармай, таймай тұрайын.
Округ сот, прокурор
Ақ-қараны айырса,
Қағаз жазып сұрайын.
Бақытым ұшқан басымнан,
Көл болып жатам бұл күнде
Көзден аққан жасымнан.
Тазартып оқып бес намаз,
Тәубе-тауыс қылайын.
Ер басына не келмейд?!
Тәуекел етіп тұрайын.
Аяғым мерт болса да,
Бауырымды жазып шабайын.
Бір Алла болғай панамыз,
Дерексіз босқа тоқтап тұр,
Қаптаған қалың ағайын.
Бізге салқын қарап тұр,
Білмедік мұның қалайын?
Қарындас, туған, ағайын,
Іс болды бізге тағайын.
Қалың дәулет, қара орман
Дүниенің көрдім талайын.
Екі жылдай күн өтті,
Мұңымды кімге шағайын?!
Құр қайғыдан пайда жоқ,
Әңгіме-дүкен құрайын.
Айдаса да қай жаққа,
Нәсібем тартса, барайын...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter