Өлеңдер ✍️
СҮГІРДІҢ ҰЗАҚБАЙ ЖЫРАУҒА ХАТЫ
Дұғай сәлем жазайын,
Ұзақбай шайыр ініме.
Он сегіз жаста бақ қонып,
Өнер берген тіліне.
Атағың тегіс жайылды,
Мен қазақтың еліне.
Таң қалып еді талайлар,
Алқалаған жиында,
Пормыңның күшті деміне,
Пердеден асқан лебіңе.
Сөйледің талай шаршыда
Сөз қиынын келтіріп.
Адайдың мырза, бегіне,
Жыр айтамын дегенде,
Дем алмадың шегіне,
Артың Арыс Әнет болғанда,
Нешеде жүйрік еткен жоқ,
Асталы жұртты тартқанда,
Ылдидан шауып жөніне.
Өзің сәлем жазғасын,
Кетпедім сөздің көңіне...
Сау болсын адай еліне,
Тойға барып отырсаң,
Ешкім талас қылмаған,
Несібе бақыт жеміне.
Біразырақ сөйлетпей
Кеткеніме арынамын.
Сол үшін Ұзақбай
Қағазға хатты жазғаным.
Тірі болсақ көрерміз,
Бірігіп те жүрерміз,
Неше күн дәурен сүрерміз.
Ашылып кетті арамыз,
Қоныс шалғай жерменен,
Алланың берген несібі,
Үлкейген сайын өрлеген.
Еркіндік алып алқада,
Сөз етіп пері желменен.
Тірілікте қызық қалды ма
Біз екеуміз көрмеген.
Көтеру үшін көңілді
Алпыс бес кезек жерлеген.
Алпыс пен жетпіс ауыр жас
Бүған да жеттік екеуміз,
Құдайдың берген демімен.
Қара бүркіт қартайса,
Еміліп ұшқан шалықтап,
Еділден ұшқан екі ақын,
Талайын ілдік қалықтап.
Мысалдап айттым бұл сөзді,
Шешерсің өзің бағыттап,
Іс түскен күні басыңа
Ер азамат тарықпақ.
Сөз бағытын білесің,
Айтпасам да анықтап.
Мереке дудың базарын,
Қырық жыл сүрдік шалықтап.
Аллаға шүкір етелік,
Кеткен жоқ әлі қонған бақ.
Қартайғанша сөйлеткен,
Алланың берген тілі мен жақ
Бұл өнерді қызықтап.
Ұзақбай, Сүгір атандық
Жақсылардан бата алдық
Дүниедегі жақсы зат,
Денсаулық пен қатарлық,
Ұзақ өмір жаспенон,
Кәрілік пенен кеселге,
Екеуміз де маталдық.
Күндіз айтсаң түн болған
Түнде айтсаң күн болған...
Осыланша сөз жазып,
Риза болып, естіген
Сөзімді дұрыс қош алған.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter