Өлеңдер ✍️

  09.08.2022
  207


Автор: Гүлайым Дәуітбаева

МАҢҒЫСТАУ

Маңғыстау мынау – жеңілтек сағым, бұйра құм,
Мүлгиді бұта шағылға қадап сирағын.
Ебелек қуып, көбелек қуып секіріп
Тақырда ойнап, құмыңда аунап ширадым.
Маңғыстау мынау – сексеуіл, жусан, бетеге,
Опыраң сай мен көлденең жыра, кер төбе.
Көз тарптас кейіп, сұр тулақ дала, әйтсе де
Өзіме қымбат, өзіме ыстық етене.
Көгілдір аспан, ақұлпа басқан етегін,
Шарпиды аптап сыбырлап не сыр шертерін?..
Төбемнен күні, табаннан құмы тербесе
Мұнартқан тау да, көрікті бау да не теңім?!
Кезертіп ернің, кептіріп демің шөлдеткен,
Маңғыстау осы - ақ моншақ нөсер селдеткен.
Текті десең де, тентек десең де өзің біл
Маңғыстау осы – ата-бабамды тербеткен.
Өткерген талай қан жауған жылдар кер кеткен,
Маңғыстау осы – тектілер түлер жөргектен.
Сүйінғара, Шотан, Иса мен Досан, ер Шабай
Тайпалта таптап кең дала төсін терлеткен.
Әуезді әні есіңді алып сенделткен,
Маңғыстау осы – күйі мен жыры өр неткен!
Қашаған, Нұрым, Сәттіғұл, Мұрын сарнаса
Ақ махаббатын өксумен ғана жерлеткен
Қан дәуір құлы – Ақбөбек-Қайып шерлі өткен!
Маңғыстау осы – тастардан мүсін тоқыған,
Танып ал өзің, құлпытас, мынау шоқыдан.
Жайнамаз сынды ақ дархан осы далада
Әулие Бекет құбылаға намаз оқыған.
Қалықтап торғай биіктен жерін қориды,
Тұлпарға шапқан ізетпен басын жол иді.
Шашылған қой мен маң басқан түйе маңғазды
Алыстан аңдып, адуын арлан ториды.
Маңғыстау осы – қолына тимей тізгіні,
Еленбей келді марғасқа арыс – ізгі ұлы.
Табынып қалар төс ұрып келген тентектер
Тектілігі мен киесі дейміз біз мұны.
Маңғыстау, сенде үміт те, асқақ арман да,
Қолыңды создың жігермен жарқын таңдарға.
Болмасаң текті Шопан мен Бекет бастаған
Мәңгілік мекен болар ма ең асыл жандарға!
Маңғыстау сенің, айналдым аңғал қалпыңнан,
Жылылық сезем ұлылық сыйлар салтыңнан.
Тақтай тақыр мен бөтеке құмнан нәр алып
Қызғалдағың едім қияға қарай талпынған!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу