Өлеңдер ✍️

  09.08.2022
  109


Автор: Гүлайым Дәуітбаева

АНАМА

Ер мінезді жан едің сен сөзің – құт,
Дүркіреген өтті уақыт тез үркіп.
Отырасың ойға батып оңаша
Ақ жаулығың асқар таудай сезінтіп.
Бозаң тартып көңіліңнің гүл бағы,
Ажарыңды, білем, мезгіл ұрлады.
Кіреуке не жүзіңдегі, жан ана
Жүрегіңе жара салған кім тағы?
Қиындықты жеңіп беріп жігерге,
Күш-қайратың татитын-ды бір ерге.
Жаяу жүріп қасқыр соққан бақанмен
Ұлы ерлігің аңыз болып жүр елде.
Төрт түлігі түгел үй ек бағарға,
Кез келгенге бұйырмайтын бақ ол да!
Шөліркеген жолаушыға хан сарай -
Кең жайлауда сыңғырлайтын ақ орда.
«Әрбір жанды асырайды еңбегі,-
Деуші едің сен – ынтада істің өнбегі».
Ақ ордамыз секілді еді мұражай,
Ақ киізді, түгел бау-шу, өрнегі.
Отқа түстің, жүрдің қырда ызғарда,
Біздер үшін басты тіктің құрбанға.
Өмір жолың – өнегенің дастаны
Жүрек және құлақ болса тыңдарға!
Бірлігі артқан отбасы едік сәулетті,
«Шүкір» деумен ағайын-жұрт тәубе етті.
Жетім ұлдың жапырағын жайқалтып,
Сен ең, ана, тік көтерген әулетті!
Әкем үйдің киесі еді – панамыз,
Ойы тұнған шежіре сыр, бар аңыз.
Кіргенде үйге таласамыз жан-жақтан
Мұртқа қатқан мұзды алуға... баламыз!
Иә, анашым, өтті бәрі – келмейді,
Әкем үйге еңселене енбейді.
Мәпелеген ұл-қыздарың зіңгіттей
Кеше бала болғанына сенбейді.
Білем, ана, жабырқайсың, жүдейсің,
Жамандардың амандығын тілейсің.
Ақыл айтар келін-бала, қыз-күйеу
Сенің өрең биік тұр-ау, білгейсің!
Бағым болып, саям болып жүрші аман,
Мұңды қайтем өн бойыңды құрсаған?!
Онымызды бағып едің бүп-бүтін
Біз онымыз татымадық бір саған!
Өтті дәурен, өткінші екен құйын-бақ,
Шаттығыңды кетті, әне қиырға ап.
Жүзіңдегі әжімдерің бұлжымай
Жүрегіме түсіп жатты шиырлап...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу