Өлеңдер ✍️
ЖЕЛТОҚСАН ЖЫР- ТАУСЫЛМАС
Ар алдында да, адам алдында да,
Заң алдында да, заман алдында да,
Ақтамайтын іс қой бұл,
Көкіректер шерленіп, тамбай тұрған жас қой бұл.
Арада жылдар өтсе де, өшпейді ерлік істері,
Жасындай болған сол жастар,
басынан нені кешпеді.
Сөйлесе қалсаң бірімен, білерсің бәрін түрінен,
Азалы ойлар мазалар, іштей тұнған назалар.
Желтоқсан енді оралма, жан толқиды оларға,
Арыстарым кетті ғой, орны қайта толар ма?!
Деп сыр айтты бір жігіт, болған екен ортада,
Елін қорғар азамат қорқаулардан қорқа ма,
Алаңға батыл барыпты, шепті бұзып жарыпты,
Мұздай темір құрсанған әскерилер бастаған,
Шоқпар қару, сойылдар қолдарына ұстаған,
Қасқыр иттер арсылдап, келеді олар аршындап,
Қолдан келер не амал, көңіл тұрды ойсырап,
«Әліптің артын бағайық, үміттің отын жағайық»,
(Өзіңіз де сездіңіз не болғанын халайық!).
Осылай сойқан жасалды, «шаш ал десе бас» алды,
Шыдап тұрар апыр-ай, мына жастар қашанғы.
Үскірік аяз ұласты, түнек басты қаланы,
Әскер шықты алаңға ашылғандай араны.
«Қазаққа басшы қазақтан...» дей бергенде бір қызды,
Итті қосты айтақтап, шаштарынан жұлғызды.
(Жымысқы ол саясат, ішке бүккен пиғыл жат),
Дүр сілкінді кіл жастар, айбат күшін кім жасқар,
Міне, осылай желтоқсан аңыз болды ей, достар!
Ол жігіт бар өмірде, жүрегі оның жаралы,
Бастан кешті дүрбелең, сол бір күндер қаралы.
Досынан да айрылды, балауса сол қыздан да,
Қараңғы үйге қамалып, ауру тапты сыздан да.
Еш күнәсіз апыр-ай, жапа шегу оңай ма?
Желтоқсанның ызғары қасірет ол талайға.
Әлденені байқаусыз түсірдім бе есіне,
Сауал қойып апыр-ай, мазаладым несіне.
Бірақ сендер болмасаң, сол жүйені жоймасаң,
Тәуелсіз ел болар ма ек, еркіндік күн туар ма ед,
Сол жастардың рухы жанып тұрған жалын-өрт,
Жігеріңді жаниды, самғатады аспанға,
Ерліктері өнеге халқын сүйген жастарға.
Жақсы лебіз айтам деп жан-жараңды қозғадым,
Түсірме сен еңсеңді, еске алады ел боздағын.
Ұлттық мүдде жолында күрескерлер мойыма,
Маған да бір күш келді, қан тарады бойыма,
Желтоқсан жыр таусылмас, ердің ісі жаншылмас,
Өшпейді оның есімі, ол-ааһарман, батыр хас!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter