Өлеңдер ✍️
Таңғы шықтай мөлдіреген күндерім....
Таңғы шықтай мөлдіреген күндерім,
Ай-жұлдызды ән салдырған түндерім.
Алпамыстың ақ сауытын киініп,
Құлағыма сыбырлап сыр жүргенің.
Тау суындай сыңғырлаған балалық,
Көңілдерде болмаушы еді-ау, алалық,
Қол ұстасып тау басына шыққан кез,
Өзімізді тым биікте санадық.
Биік талдар, биік төбе, биік жал,
Болса-дағы алдымызда тұйық жар.
Таласушы ек қорықпастан дәнеңе,
«Кім бірінші!»-бәсеке ол және де.
Сол биіктер алынатын оңай-ақ,
Алақанда тұра қалып бар аймақ.
Жеңімпаз жан бәрімізге бір-бірлеп,
Қол созатын: «Шықсайшы,- деп, тез өрлеп!».
Қайда достар, тым томаға айналам,
Төбелерім тәрізді ол сай маған.
Әлденені, әлдекімді іздедім,
Кермек бір дәм,
Көз жасы ма, сезбедім.
...Өмір, өмір өз биігің бар екен,
Кең дүние, кейбіреуге тар екен.
Құлап кетсең қолдан сүйеп қалатын,
Сол бір кездей адал дос жоқ,
Қанатым!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter