Өлеңдер ✍️

  09.08.2022
  151


Автор: Айнахан Есетова

«Аранжанның шалқымасы»

Күй күмбірі тұншықтырып сан шуды,
Аспан жүзін ала бұлттан аршиды.
Арындаған, Абыл тартқан бұла күй,
«Аранжанның шалқымасы» шалқиды.
Сайөтестен –Сарыарқаға саз аунап,
Мең -зең жатқан қыр дүбірден оянбақ.
Дегелек үн, желек етіп жанымды,
Баба рухын бастап берер баяндап.
«Аранжандай, арда батыр жан бабам,
Ұлы Үстіртті қалың жаудан қорғаған.
Қамын қамдап қазақтың,
Арда Адайдың ар –намысын арлаған!
Қиядан қиқу көрінсе,
Жау ма екен деп барлаған,
Анау қырда орыны бар ордаңның,
Белдеуіне сәйгүлігін байлаған,
Бес қаруды сайлаған.
Баһадүр Ер Аранжандай бар бабам!
Алдаспандай берен серттен таймаған,
Қас дұшпанның қаса соры қайнаған,
Қарсы келсе ата жауы жайраған!»
Көп күндердің куәгері туған жер,
Соның бәрін айтып берер қайда жан?
Көзсіз ер боп жаратылып әттең ай,
Кенде бопты пендешілік айладан.
Бабам менің Арда Адайдың батыры,
Тегі нұрдан, алтын құрсақ жатыры.
Шежірелі күй тарихы сыр айтты.
Ұрпағы да осал болмас асылы!
Ардағым деп мақтан еткен Адайлар,
Аруағына тағзым етер талайлар.
Бұл тектілік болмысыңның тұрағы,
Келбетіңе ұрпақтарың қарайлар.
Тәбәрігім- Ерлік Рух көсегем,
Өршіл үнмен шоқтығымды көтерем.
Өзің жатқан кең түбекті күзетіп,
Қарауыл боп тұра берсін кесенең!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу