Өлеңдер ✍️
Көрік
Құстың тілін, судың сырын меңгерген,
Сүлеймен дүр пайғамбармен тең келген.
Иерусалимнен ғажап сарай салдырып,
Таң қалдырды тәмәм жұртты көз –көрген.
Ғажайыптан ғалам сыры ұғылмақ
Шөл далаға орнатпақ боп қыдыр бақ.
Барын салды, жанын салды, аянбай
Мың сан шебер құмырсқадай қыбырлап.
Айшық өрнек мың құбылған ырғағы,
Айдан сәуле, жұлдыздан нұр ұрлады.
Күн жанарын қымсындырған бояулар,
Бейне бедер - жеті қат көк сырлары.
Мың сан шебер зейін, зерде арнаған,
Маңғаз сарай, мың сан ойды қармаған.
Қай шебердің ісі артық, күші артық,
Мәртебеге кім лайық, таңдаған.
Кім құдірет, қайсысы елден еректі,
Таразыға салды патша деректі.
Мың шебердің ішіндегі бір шебер
Алтын таққа отыруы керек-ті.
Сарсаң қылды ақыл ойлы асылды,
Сыншы, мінші, көп уәзір аһ ұрды.
Ғалам сырын меңгергенмен падиша,
Шын шеберді тани алмай қапылды.
Дүйім елдің данасы мен датқасын,
Дал ғып әбден білді ешкімнің таппасын.
Тығырықтан шығар жолды білмесе
Пайғамбарға телір ме ел патшасын.
Бір тәңірге ғибадат қып Сүлеймен,
Сейілдіріп, дүйім жұртты үрейден.
Шешілместей бұл сауалдың түйіні,
Әр шебердің өзіне кеп тірелген.
Патша еркіндік берген соң кім шошынсын,
«Өлмес өнер ел мерейін өсірсін.
Қалың халық құптағанды құп көрем,
Кім мықтымын десе таққа отырсын!»
Билеушінің жарлығы елді ұйытты,
Шерменде күй, шебер біткен күдікті.
Қадамы нық, еңсесі тік бір кісі,
« Алтын таққа отырам» деп шығыпты.
Сан шебердің санатында болмаған,
Бұл кім өзі, сарайға өрнек салмаған.
« БАСҚАЛАРДАН ҚАНДАЙ ІСІҢ ЕРЕК-ТІ,
Ал айтып көр қызметіңді бұлдаған?»
Патша қайран, қалың халық күбінді.
Әлгі адам ісмерлерге бұрылды.
«Қара тастар мен жасаған қайладан,
Қалыпқа кеп, қайта өңделіп тірілді.
Уа, халайық, рас сарай салмадым,
Бірақ барлық ісімді оған арнадым.
Күн –түн қатып көрік піскен ұста едім,
Құрал беріп әр шеберді қолдадым.
Болмаса егер құрал - сайман, жарақ –ай,
Пәрмі, аталғы, қашау, бұрғы, арадай,
Бес аспабын сайлап- қайрап бермесем
Мына адамдар қайтіп сарай салады –ай!
Темір илеп, болат жаншып тезіме
Сарнау салып, қарағайдың безіне.
Тасқа әшекей тағындырып нақышпен,
Бұл шеберлер жеткен істің шегіне.
Әр шебермен бірге соғып жүрегім,
Бірге талды темір иген білегім.
Сайманы жоқ шеберде де қайран жоқ,
Ерек нұсқа осы ісіме сүйендім!
Сондықтан да тақта отыру хақым бар!»
Уәж еді бұл хан мен қара мақұлдар.
Хас шеберге тәж кигізді Сүлеймен
Көрігінде өнер оты лапылдар.
Көне аңыздың тіні алтын үзігі,
Тылсым сиқыр біз білмеген қызығы.
Сол шебердің шыққан екен қолынан,
Сүлейменнің қасиетті жүзігі.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter