Өлеңдер ✍️
Құсни ғұмыр
Көктем келіп болмаған соң,
«Күн суық» деп алдандым.
Ақпан жігіт өтіп кетті тұсымнан,
Әрі -сәрі көңіл күймен таңдандым.
Әсем қызыл көйлегімді киюге
Үлгертпеді тағы жаз,
Қалай бейғам болғанмын?...
Күз де жетті тұманнан,
Шымылдығын, сылдырмағын тағынып,
Әнін айтып арманның,
Дидардастық сағынып.
Енді міне қыс келеді,
Қыс келеді, Құдай- ау,
Ки тоныңды, қамданғың...
Күн артынан күн заулайды, асығып
Қалған көңіл, жалған мұң...
Білгенімнен білмегенім көп әлі,
Көксіл кеуде дерттізарға толады.
Сый көрмеген төрде отырып шалқайып,
Біз жалғанның қонағы!..
Кейде тұлпар секілдімін,
Қосылмаған бәйгеге.
Кейде тұғыр секілдімін,
Түсіп жүрген әуреге.
Кейде менің төрт құбылам
Түгелденіп тұрады.
Кейде тұлдыр жетім құсап
Ағыл- тегіл жыладым.
Әй, қойсана –қойсана,
Самайыңа ақ кірді ғой шырағым!
Сонда да Мен мына Абыз жалғанның
Дәрменсіз бір Сәбиімін, ұғамын!
Аппақ Ар мен Кәміл Иман,
Мейірімін шуағын,
Шөліркеумен тұрамын!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter