Өлеңдер ✍️

  08.08.2022
  119


Автор: Балта Қосбармақ

Сөйле, Фараби!

Аманат беріп бүгінге,
Келешек күнге елші ғып аттандырыпты өзіңді,
Арманын айтып бүгінге Отырар деген отаудан –
Атымен туған еліңнің Фараби болып аталған.
Көшпелілердің қиырсыз кең даласынан бата алған
Арманы екенсің арнайы арманын іздеп ұшырған
Отырар деген отаудан.
Жауынгер жұрттың ең соңғы
Перзенті екенсің, Фараби!


Қатар ұстаған қолына қауырсын қалам, садағын.
Тарихтың домбырасында ойналған тынбай дара күй –
Ойналшы бүгін үні боп.
Құм басып қалған, мұң басып қалған қаланың.
Ойнашы тағы, тартылшы,
Он ғасыр бойы ойналып келген дана күй,
Бір ғасыр деген – 100 жыл ғой,
Арқасы жауыр әр жылдың, әр жылда қанша салмақ бар!
Жиырмасыншы ғасыр таңдайын қақсын бір,
Сөйле, Фараби!
Тірілсін бүгін қайтадан
Көмілген 1000 жыл шаңымен
Отырардағы әруақтар!
Он ғасыр бұрын осыдан, Отырар ұлы, өзіңе
Табынды түгел, ғұлама дүние бас иді.
Жиырмасыншы мынау ғасырдың
Мінбесінен сөз ал, Фараби!
Қырқыншы ғасыр құрметпен
Қарсы алсын оныншы ғасырды!
08.11.1981 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу