Өлеңдер ✍️
Айтыс туралы
Жемісі жүйрік қиял қанатының,
Суырыпсалма ақпа ақын – Ана тілім.
Бойтұмардай қазекем қастерледі
Сөз өнері – хас өнер, дара туын.
Туғаннан сөз – анасы, жыр – анасы,
Сөз жайында қазақтан сұрамашы.
Өңшең дүлдүл жиналған айтыс деген –
Өлең-жырдың дода – Олимпиадасы.
Өзі түгіл, суарған жырдан атын,
Саф өнерден табиғат құйған ақын –
Қазекеңнің аузында жыр болатын,
Қазекеңнің артында күй қалатын.
Балуан білек сомдалса тартыстарда,
Айтыстарда шын ақын шыңдалатын.
Қызуланса, от сөзден жерімеші,
Бұзып-жарса, тентекке телімеші.
Бір-бірінде жоқ оның кегі де, өші.
Ағайынның озғанша арғымағы,
Ауылдастың тайы озар жері де осы.
«Ел бірлігін ойласақ Абылайдай»,
Осыншама хас талант табыла алмай,
Жүрер ме еді қазақтың бағы жанбай?!
Айтарың бар, айтшы, ақын, тағы қандай?!
Орақ ауыз, бір от тіл табылардай,
Барша қазақ жүр еді жарылардай.
Айтарың бар, айтшы, ақын, тағы қандай?!
Жемісі жүйрік қиял қанатының
Суырыпсалма ақпа ақын – Ана тілім.
«Бүкіл қазақ ұлдары, бірігіңдер!»
Деген сөзді, сарп қылып бар ақылын,
Ұқса-дағы көкейге қонатынын;
Дәлелдер жаза, айта алатынын
Айтшы, қалам ұстаған қай ақының?!
Қалың елдің гөй-гөйін шерте білген
Хас өнердің таныдым өлшемін мен.
Көтеріңкі көңілім, еңсе мүлдем.
Күндеріммен ең қызық көрісемін мен –
Өлеңіне елімнің қол соғумен,
Өнеріне киелі тамсанумен...
07.04.1984 жыл.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter