08.08.2022
  254


Автор: Өмірзақ Озғанбай

Әйгілі түркітанушы Ғұбайдолла Айдаров

 


Маңғыстау ойпатындағы Құйылыс атты жер – жауын- шашын, сел-қарғын суын жинайтын үлкен аңғар. Сол ойда Емір- Торты мекені бар. Суы мол, шөбі шүйгін осы бір құтты қоныста осыдан 90 жыл бұрын Ғұбайдолла есімді ұл дүниеге келгенде қарапайым елдің жұтаңдау тіршілігі жаңа тумасына арқа-жарқа қуанып, ерекше назар аударуға да мүмкіндік бермеді. Ат шаптырып, той жасап, төңіректегі туыстардан сүйінші сұралған да жоқ.


Қызылшақа сәбиді кейін сол өлке жұрты тегіс мақтан тұтып, мектептің жаңа атына ие болары, оның есімі көшеге берілетіні ешкімнің ойына кіріп-шықпады...


Ақшұқыр кентінде тұратын менін анам Ақажан (иманды болсын), ұлым Қуаныш отбасымен Ғұбайдолла Айдаров атындағы көшеде тұратындығын мақтан ететін. Бірінші сыныпқа барған немерем Жоламан Ғұбайдолла атасының есімін айтып, «Бұл кім?» деген сұраққа «Ірі ғалым бабамыз» деп жауап беретін.


...Асыл ағалардың аялы алақаны, қамқорлығы, ақылы баға жетпес байлық екен. «Алтынның қолда барда қадірі жоқ» демекші, уақыт өткен сайын, әсіресе, олар арамыздан біртіндеп аттанып кеткеннен кейін бағасы, бәсі арта түседі екен. Осы орайда ойыма асыл ағам, түркі дүниесін зерттеуші, ғұлама ғалым Ғұбайдолла Айдаров оралып отыр. Қажымас қайрат, мігірсіз еңбек, толассыз іздену ағамызды ауыл мұғалімінен есімі елге мәшһүр ғалым дәрежесіне дейін жеткізіп еді.


Оны кеңес дәуірінің өзінде туған халқының тарихы, жазба деректері ерекше толғандыратын. Оның Орхон-Енисей жазуларына ежелгі түрік мәдениетіне ат басын тіреуі сондықтан болар. Сол саланың санаулы ғалымдарының бірі, бірегейі болды.


Ұлағатты, үлкен жүректі ғалымның бір ерекшелігі – ешкімді кеудеден итеріп, жатсынбаушы еді. Иісі қазақ өз алдына, Ғұбекең мен Балжан жеңгеміздің қасиетті дастарқанынан әзірбайжан, түркімен, өзбек, қарақалпақ ағайындар дәм татып отыратын. Ағамыз солардың әрқайсысының өз тілінде сөйлеп, ұлттық ерекшеліктері жайында сөз қозғағанда олар барынша ашыла сөйлеп, арқа-жарқа болатын. Ағамыздың қонақжай шаңырағында


 


олар Алматыдағы қимас, сыйлас туыстарының үйінде отырғандай, өз үйі, өлең төсегіндей сезінетін.


Сол үйдің иелері үлкен қаланың тұрғындары болып, қонақтарына еш қабақ шытқан емес. Ғалым отбасының дастарқаны қашанда ортаймайтын. Өздері – тамағы да, қабағы да келіскен жандар. Сонымен қатар, ағамыздың және бір ерекше атап өтер қасиеті – шежіреші екендігінде. Ата-бабалардың ерлігін, өмір салтын, дәстүрін ерекше бір білгірлікпен әңгімелеп отырар еді. Алыстан арнайы келіп, үйіне ат басын тіреген ағайындарды бір- бірімен өзара


табыстырып,  туыстық  жақтарын  естеріне  салып  отырар-ды.


«Атасын айтқанмен, алыс болмайды» деп, Ғұбайдолла ағамыз талай туыстарын тапқан азаматтардың алғысын алып, ризалықтарына ие болар еді. Талай жастарды ғылым жолына баулып, жетекшілік қызметін атқарды. Олардың ризалық ықыласы Ғұбекеңнің алдынан жылы сөз, әділ баға болып оралып отырды. Ағамыздың 70 жасқа толған тойы Маңғыстау өңірінде інілері мен шәкірттерінің ұйымдастыруымен соншалық есте қаларлықтай әдемі өтіп еді.


Енді Ғұбайдолла Айдаровтың ғылымдағы қайраткерлігі, шығармашылық асу, белестері, басқа да қырлары төңірегінде әңгіме өрбітейік.


Ағамыздың ғалым ретіндегі еңбегін кезінде мәскеулік көрнекті ғалым, есімі әлемге тараған                                    Э. Наджип былайша бағалаған болатын:


«История племен, на языке которых написаны памятники, сама письменность в достаточной степени были изучены и у нас, и за рубежом многочисленными учеными. Но все эти разноязычные материалы разбросаны по всему миру и не доступны не только студентам вузов, но и научным сотрудникам многих научно- исследовательских институтов.


Заслуга Г. Айдарова заключается в том, что он все это собрал воедино, подверг все эти материалы к критическому изучению, по мере возможности внес некоторые поправки в чтение, транскрипцию и перевод отдельных лексических единиц и грамматических форм».


Жоғарыда келтірілген жолдар бұрынғы Кеңес Одағы тұсында жазылған. Орда бұзар отыз ауылындағы жас ғалым үшін осы бағаның өзі зор мәртебе еді. Өйткені, Э. Наджиптің түрколог профессор аузынан шыққан жылы леп, текті сөз лезде 15 одақтас


 


республика ғұламаларына тарады. Бұл дегенің Ғұбекеңнің атағына жарты әлем қанықты деген сөз. 20 жыл бері 15 одақтас республиканың әрқайсысы жеке-жеке тәуелсіз мемлекетке айналып отыр. Сөйтіп, ТМД-тәуелсіз мемлекеттер достастығы деген жаңа халықаралық бірлестік өмірге келсе, оның дені әлгінде айтылған 15 одақтас республикадан болып отыр.


Ақылға салып көрсек, Ғұбекең дәл сол күндері айды аспаннан бірақ шығарған болатын. Кешегі Маңғыстаудың ақсары баласы өткен ғасырдың 70-80 жылдары қазақтың атын аспандатып өтті. Түсінгенге бұл ұлттық рухымыздың мәртебесін көтерудің жарқын нышаны болатын. Осыны елден бұрын ұққандардың бірі белгілі түріктанушы ғалым С.Е.Малов (ол да мәскеулік) былай деп жазды:


«Шығыста бір жас қазақ көне түркі жазба ескерткіштеріне қызығушылық танытып отыр. Одан көп нәтиже күтуге болады».


Дуалы ауыз орыс ғалымының бұл айтқаны айнымай келді. Ғұбекең қалың ел-жұрты, аймаңдай ғалымдар, зиялылар күткен нәтижелерге жетті.


Ғұбекең 1960 жылдың мамыр айында Қазақ ССР Ғылым академиясы жанындағы Тіл және әдебиет институтының біріккен кеңесінде «VIII ғасырдағы Тоникук ескерткіші және оның қазіргі кездегі кейбір түркі тілдеріне қатысы» деген тақырыпта диссертация қорғап, филология ғылымының кандидаты атағына ие болды.


Араға 14 жыл уақыт салып, 1974 жылдың маусым айында Бакуде, Әзірбайжан университетінде «Орхон-Енисей және Талас жазба ескерткіштерінің лексикасы» атты тақырып бойынша докторлық диссертациясын сәтті қорғады. Диссертациялық кеңес мәжілісінде ол кіріспені әзірбайжанша бастаған, пікір- пайымдауларын болса: башқұрт, тува, түрік тілдерінде уәжді айғақтарын тарқатып, нақты деректермен салыстыра таразылап, ғылымы тұжырымдарын көсіле баяндады. Бұның өзі залда отырған ғалымдар қауымын тамаша әсерге бөлейді. Бірауыздан мақұлдап, дауыстарын берген.


Ғұлама ретінде Ғ.Айдаровтың атақ-абыройының басы осыдан басталды. Алпыс екі тамырында тулаған қаны «қазағым» деп соғуынан жалқы сәтке де жаңылған емес. Ұлттық рух дейтін ғылми танымдық категорияның бұлақ көзі осы болса керек. Міне, осыдан кейін, докторлық ғылми атақ алғасын Ғұбекең одан әрі арқаланып, шабыттанып шыға берді. Тіл білімі үшін деп жаратқан атына


 


қамшысын аямай сілтеді. Тарихи зерттеу материалдары, еңбектері бірін соң бірі ғылми ортаға, қалың көпшілікке БАҚ арқылы сапар шеге берді. Ғалымның бұл реттегі еңбектері 20-ға тарта кесек-кесек монография мен оқу құралдары, 200-дің үстінде ғылми –зерттеу және ғылми-көпшілікке арналған мақалалар болып жарыққа шықты. Олардың негізгілерін келтіріп өтелік.


«Енисей, Орхон және Талас бойындағы көне түркі жазба ескерткіштері бойынша жарияланған әдебиеттердің библиографикалық көрсеткіші», (1979ж), «Орхон ескерткіштерінің тексі» (1990ж.), «Көне ұйғыр жазба ескерткіштерінің тілі» (1991ж.)


«VIII ғасырдағы Күлтегін» (1992 ж.), «Армян жазулы Қыпшақ ескерткіштер тілі» (1992 ж.),  «Күлтегін ескерткіші» (1995 ж.),


«Тоникук ескерткішінің (VIII ғасыр) тілі»


Сүйсінерлігі сол – Ғұбекеңнің ғылми еңбектері: Қытай, Германия, Франция, Англия, Түркия, т.б. елдердің кітапханалардың сақтаулы. Сөйтіп, дүние жүзіндегі көптеген елдер оқырмандарына ғұлама аға шығармалары рухани қызмет көрсетіп келеді, көрсете бермек.


Әлемдік деңгейде ғалымдардың назарына ілігердей дүние қалдырған Ғұбекең қаламынан туған бірер эпизодынан үзінді келтіріп отырмыз. Үзінді «Аудитория» газетінің 2001 жылы 4 сәуірдегі №4 санынан алынды. Мақалада Ғ.Айдаровтың Күлтегін ескерткішіне қатысты жазып қалдырған жұмысы келтіріліпті. Мақала төмендегіше аяқталған.


«Қорыта айтқанымызда, Күлтегін ескерткіші – түркі халықтарының көне дәуірдегі ұзақ ғасырлық мәдениетінің жемісі. Күлтегін ескерткішінде, негізінен елді басқару шаралары баяндалады. 552 жылдан 716 жылға дейінгі тарихи кезең Түркі қағанатының құрылуы, Бумын қаған Шығыс түркі, Істеми қаған – Батыс түркі қағандығын басқарғандығы, ел ішіндегі алауыздықтар, түркі халықтарының қытайға (табғашқа) 530-580 жылдары тәуелді болуы, Елтеріс (Құтлық қағанның табғаштарға қарсы күресі, екінші түркі қағанатының орнауы, Құтлығ қағанның қайтыс болуы, Білге қағанның қайтыс болуы, Білге қаған мен Күлтегіннің ішкі-сыртқы саясаты, ел билеуі, жауларына төтеп беруі, т.б. тарихи деректер сөз болады».


Бұл келтірілген тарихи оқиғалардың ескерткіштегі күл жазуларында сақталып келгені көпке мәлім. Бірақ оны --- осындай мән-мағынасымен  оқып-танып,  әлемге  жария  ету  Ғ.  Айдаров


 


ғұламаның ғана қолынан келді емес пе? Жұмыр бастыға бұл аз бақыт деп кім айтар?!


Анығына келер болсақ, саналы ғұмырын Ғұбекең арнап өткен түркология ғылымы тарихи тұрғыдан кенжелеу пайда болды. Тек XVIII ғасырдың екінші жартысында ол дербес ғылым ретінде қалыптаса бастаған. Бұны Шығыстану ғылымының сүбелі саласы ретінде әлем оқымыстылары тарапынан таныла келді. Осы айтылған Шығыстану ғылымы Россия топырағында алғаш пайда болды. Себебі түркі халықтарының көпшілігі Россия аумағын, онда да шет өлкелерін мекендеуімен түсіндіріледі. Ресейліктер оларды шығыс халқы атады. Ресей ғалымдары бұл халықтардың тілін, ауыз әдебиетін, тарихы мен этнографиясын, материалдық және рухани мәдениетін ғылми тұрғыдан зерттеуге алғаш ат салысқан отандық орыс ғалымдары болды. Оларды «отандық түркологтар» («отечественные тюркологи») деп атау дәстүрге айналған еді.


Шығыс халықтарына Еуропаның шығысындағы халықтардың бәрі жатады. Сондықтан да шығыстану ғылымының обьектісі өте кең. Бұған: қытай, үнді, араб, иран, жапон, корей, т.б. халықтар енеді. Түркі тілдес халықтар да Шығыс халықтарының санатына жатады. Түркологияның алғашқы қалыптасу қадамынан бастап, бүгінгі күнге дейін оның негізгі обьектісі мыналар: түркі халықтарының өлі, көне және қазіргі тілдері мен тілдік жазба ескерткіштері. Түркология деген ғылымның басты бағыты, обьектісі осылар. Немесе оны «түркі тілдерін зерттейтін ғылым» деп түсінуіміз керек.


Бұл ғылымның «түркі» деген этнонимі түркі тілдес халықтардың, ежелгі ру-тайпалардың, этностық бірлестіктердің барлығына бірдей уәкілеттік жасайтын жалпы термин. Бұл қазіргі, соңғы кезде сондай сипат алып отыр. Революцияға дейін «Түркі» деген жалпы ұғымды көбінесе түрік-татар, не «татар» деген атаумен атап келгені мәлім. Кейбір түркі тілдері өздерінің қазіргі атауларын ала алмай келді. Мәселен, қазақ тілінің өзі күні кешеге дейін отандық түркологияда «қырғыз», «қырғыз-қазақ», «қырғыз- қайсақ» деп, дұрыс аталмай келді ғой. Соның нәтижесінде «түркі» («тюркский») деген этноним түркі халықтарының бәріне ортақ, бұрынғы-соңғы түркі тілдерінің басын қосатын, тобын білдіретін жалпы атау ретінде ресми сипатқа түсті. «Түрік» этнонимі болса Осман түріктерінің, қазіргі Түркияда жасайтын негізгі халықтың тілін білдіретін қолданысқа көшті. Атап айтсақ, «түркі тілі», «түркі


 


халқы», «славян тілдері», «славян халықтары» деген жеке тіл де, жеке халық та жоқ.


Түркология проблемаларының құлашының кеңдігін, халықаралық маңызының жоғары екенін әлем ғалымдары да ертерек танып білген.


Білімпаз-түркологтар төрткіл дүниеге мәшһүр болған ғұламалар. Пір Бекет атаның отандасы Форт-Шевченко ауданы Ақшұқыр селосының оның ішінде Емір-Торты жерінде «шыр» етіп, жарық дүние есігін ашқан, кіндік қаны осында тамған Ғұбайдолла Айдаров, міне, дәуірінде осылармен терезесі тең тұлға биігіне көтерілді.


Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев ерлікке пара-пар қызметі үшін Ғұбекең ағамызды еліміз егемендік алысымен, көп кешікпей – 1992 жылдың қазанында «Қазақстан Республикасы ғылымына еңбек сіңірген қайраткері» куәлігін өз қолымен тапсырып, мемлекеттік деңгейде жоғары бағалады.


Жалпы алғанда Ғұбекең артына ұшан-теңіз ғылыми, тарихи, мәдени мол мұра қалдырды. Оны алдымен қазақ елінің, барша адамзаттың рухани игілігіне айналдыра беру бүгінгі және келер ұрпақтың кезек күттірмес міндеті, қасиетті борышы.


Ғибратты ғұмыр, терең де бай мағыналы өмір кешкен айтулы ғалым тірі болғанда бұл күндері бізбен өзінің 90 жылдық мерейтойын атап отырар еді. Сөз жоқ, ағаның тойын бүкіл ел болып өткізер едік. Амал нешік бұдан он жыл бұрын Ғұбекеңдей ғұлама ағадан көз жазып қалдық. Бірақ, қазақ елі барда оның ерен ерлік ісімен тамаша өмір шежіресі ұмытылмақ емес. Бұл айтылғанның жарқын үлгісін Қазақстан Білім және ғылым министірлігі Ғылым комитеті, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты бірінші болып танытты. Осы беделді, заңды тұлға 2011 жылдың 17 маусымында көрнекті тілші ғалым, белгілі түріктанушы  Ғ.Айдаровтың  туғанына  90  жыл  толуына  арнап,


«Қазақ тілі тарихын зерттеудің өзекті мәселелері» атты халықаралық дөңгелек үстел өткізген болатын.


Дөңгелек үстелді А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімді институтының директоры, филология ғылымдарының докторы Шерубай Құрмантайұлы ашып, жүргізіп отырды. Жиналғандар алдында Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылымдар Академиясының академиктері: Рабиға Сыздықова, Ө.Айтбаев, профессорлар:    Т.Жанұзақ    Е.Жанпейісов    О.Нақысбаев,


 


Б.Әбілқасымов, Ж.Манкеева, жерлесіміз, ғылым докторы Жұмат Тілепов баяндамалар жасады.


Жақсы басталған осынау миссия міне, Ғ.Айдаров ағамыздың туған жері Ақтау қаласында, жалғасын тауып отыр.


Бұның бәрі көрнекті тілші ғалым, белгілі түріктанушы Ғ.Айдаровты танып, білу ісіне жаңа леп, соны мазмұн қосары хақ. Ғұлама ағаның өнегелі ісі, терең ғылыми еңбектері Тәуелсіз еліміздің іргесін бекітіп, әлем елдері алдында абырой-беделін асқақтату мұратына қызмет ететін болады.


Міне бүгін Ғ.Айдаров ағамыздың 90 жас тойын өткізіп отырмыз.


Кезбаев Бітім, Чагиров Қараш, Іңірбаев Есберген бастаған ел азаматтары үлкен жұмыс жасады. Түпқараған ауданы әкімі Тұрымов Серікбай мырзаға, №1 мектеп-лицей директоры Тілеубаева Қаламқас ханымға ризашылығымыз ерекше. Қол ұштарын созған Ш.Есенов атындағы университет ректоры Әбжаппаров Әбдімүтәліпке, университет проректоры Сәуірбаев Біржан Сәрсенбекұлына, университет ғалымдарына ризамыз.


Ағамыздың артында бай ғылыми мұралары, қимас халқы, алтын асықтай ұл-қыздары қалды. Олардың бәрі дерлік азамат деңгейіне көтерілген, ұлы шаңырақтың мықты тіреуіштері. Айдаров Наурыз Ғұбайдоллаұлы біздің еліміздің мақтанышы. Бүгінде Мәскеу қаласында ТМД экономика кеңесінің ҚР өкілетті өкілі, жақында өтетін Ресей Думасы сайлауында халықаралық бақылаушылардың төрағасы болып қатысқалы отыр. Асқар Ғұбайдоллаұлы Айдаров – кәсіпкер, Сәуле – атом энергетикасында ұзақ жылдар еңбек етті, Сара Мұстафина-ҚазТаг Алматы филиалы директоры, Дина – «Орхон» фирмасы финанс директоры, Ахмет – фирмада коммерция директоры, Ғалым, Асқар мен Бейбітте кәсіпкерлік бағытта, әрқайсысы өз орындарын тапқан азаматтар, Балжан апамыз бала-келіндері қасында, немерелері-бауырында бақытты әже. Балалардың бәрі де ата дәстүрін, ана салтын ілгері жалғар адамгершілік пен ізгілікке суарылған құнарлы топырақта өскендер. Солардың бәріне ата дәстүріне адалдық тілейік. Жұлдызың жоғары болсын, біз ерекше сыйлаған, қадір тұтқан киелі шаңырақ!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу