08.08.2022
  172


Автор: Өмірзақ Озғанбай

Ойы-дүр, сөзі-жыр Түмен ақын (1884-1957)

Аузынан будақ-будақ жыр төгілген, жүзінен нұр төгілген кеудесі кең сарайдай күмбірлеген ғажап адамдар болады. Халық арасында оларды Алланың жіберген елшісіндей көріп, құрмет тұтады. Қазақ даласының қай қиырынан ондай ерекше талантты жандарды кездестіруге болады.


Кәрі де мәңгі жас Маңғыстау өлкесі де сондай аузымен құс тістеген сөз зергерлерінің киелі Отаны болған, болып келеді. Бұған Түмен Балтабасұлы Байғара немересінің (Байем дейді екен тұстастары) өмірі және шығармашылық жолдары куә бола алады.


Туғанына 125 жыл толған Түмен ақын жайлы не білеміз? Ауыз толтырып айтарлық қызмет, ісіміз қайсылар? Ақын, ел азаматы рухы алдындағы парызымыз өтелді ме?


Түбектің төл перзенті Түмен ақын аруағын қастерлеуге жерлестері, облыс жұртшылығы еліміз тәуелсіздік алғаннан бері белгілі деңгейде біраз шаруаның басын қайырды. Ақын есімі оқу орындарына, елді мекен көшелеріне берілді. Ақтаудан (90-шы жылдың аяғында) «Маңғыстау-ер Бекеттің туған жері» деген атпен көлемі 8 баспа табақтай кітап басылып шықты. Жинаққа Түмен Балтабасұлының өлеңдері, ақынның көзін көрген жамағайын, ұстаз, өлке зерттеушісі Ы.Шәкіратовтың және Ж. Жылқышиевтың естеліктері енгізілген. Жинақты К.Мырзабаев баспаға дайындаса, көркемдеуші редакторлығын журналист С.Әжімұратұлы атқарған. Қайырымды азаматтар Т.Қасымов пен М.Боранбаевтар демеушілік жасаған.


 


Осы тұста мынаны атап көрсетуді парыз санадық.


Түменнің ақын ретінде атағы негізінен Маңғыстауда, сонсоң Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарына, басқа да көршілес аймақтарға тарайды. Филолог-ғалым Қ.Сыдиықов өзінің әдеби- ғылыми зерттеу еңбектері арқылы Түмен ақынның атағы мен даңқын бүкіл Қазақстанға, Орта Азия елдеріне таратуда алғашқы болып, зор еңбек сіңірді.


Түмен Балтабасұлы ел мен жер алдындағы перзенттік борышын өтеген тамаша тұлға. Әбекең (Кекілбаев), Қабекең (Сыдиықов) тағы басқа зиялыларымыз өнегесін өлкеміздің зиялы қауым өкілдері ыждағаттап, дамытып келеді. Шүкіршілік дейміз. Алматыдан жарық көрген «Өскен орда» әдеби-көркем және публицистикалық жинақ бұл айтылғанның дәлелі.


Түмен ата жөнінде шырайлы шаралар аз емес. Қазір облыс жұртшылығы оның туғанына 125 жыл толуын атап өтті. Оның есімі көшеге, мектепке, мәдениет үйіне берілді. Қаламы жүйрік замандасымыз Әзірбайжан Қонарбаев оның шығармаларын жинап, кітап етіп шығарды.


Әңгіме – санда емес сапада. Көлемінің молдығында емес, мән- мазмұнының байлығында, тынысының тереңдігінде. Бұл тұрғыдан алып қарағанда қолтума талант иесі Түмен атаның келбет-кескінін, өнердегі қуат-қарымын, мәдени рухани өмірде алатын орнын жалқылар білсе де жалпы жұрт әлі танып-білген жоқ. Ілгеріде атап өткеніміздей, жекелеген зерттеу, ой бөлісу мақалалары әлгі айтылған сүбелі сұрақтарға жауап қайтара алмауда. Міне, осы


 


орайда «Түментану» атты тарау, әлде баптар мен бөлімдер ашу жағы зейінді зерттеушілерін асыға күтуде.


Қалай болғанда өмірі күрес пен ерлікке толы ақын Түмен ата біздің замандастарымыз үшін жұмбақтау күйінде қалып келеді. Ол жұмбақтардың сырын біздер, ілгергі лектегі буын, ашпағанда кім ашпақ? Олар аспаннан салбырап түспес. Түскен күйінде де дәл осы Түмекең ата топырағынан дүреген түлектердей бола қоймас. Мен осыған бек сенемін.


Бұрынғы КСРО үкіметі «Халық ақыны» атағын берген Сәт ата (Сәттіғұл) Жанғабылов: «Жүйріксің сен де жаңылмас» деп, тектен- тек түйіндемегені хақ. Иә, несін айтасың, Түмен ақын жаңылмас жүйріктің сойынан. Бірақ, әдеби өнерге бастау жолын күнгейі мен беткейі ұйытқып соғып, алма кезек тағдыры тәлкекке түсіп отырды.


Жетпіске келген жасым бар,


Тәркіге түскен басым бар, – деп ақын өктем жүйенің азаматтық құқын шектеп, сайлауға бару дауысынан айырып т.б. шектеулерге тап болғанын айтқан болар. Соның өзінде де жүнжімеді, қайсар талант замананың алдамшы желіне қарсы тұрды және түптің түбінде халық өзінің рухани арнасына қайта оралатынына сенді.


Енді осы проблемалар төңірегінде ой өрбітейік. Бұл ой- толғаулардың артық-кемі байқалмай қалмас. Төл тарихшыларымыз, мәдени мұрамыздың жанашыр сарбаздары жұмбақ тұстарын ашып


– жазып дегендей аруақты қастерлеу үлгісінен жаңыла қоймас. Өйткені, діліміз бен дініміз қайта оралып, қазақ халқы рухани түлеу үдерісінен туындаған игі шарапат лебімен тыныстау үстінде. Иә,


 


рухани түлеу шарапатымен тыныстап келеміз. Ол – Ұлы Жаратушы сыйлаған құдіретті күш. Ендеше, бағытымыз Хақтың жолы. Қазағымызды, адастырмас темірқазық, міне, осы.


Оның өмір деректеріне азырақ көз жүгіртіп көрелік.


Жасынан жүйріктігі білінгендей, Түрі жоқ Түмен ақын сүрінгендей. Екпіні қас тұлпардың туа біткен, Ертеден қара кешке ілінгендей...


Замандастары осылай бағалаған нар тұлға Түмен ақын 1884 жылы Бозашы өңіріндегі Қызан ауылында туған. Ауызша шежіреде Адай – Келінберді – Бұзау – Айтумыс – Шылым – Бәйбіше болып жіктеледі де, соңғысынан Байғара (Байем, лақап аты) туылған. Байғарадан - Балтабас, Балтабастан – Түмен. Бұзауұлы Жеменей Айтумыстың ағасы. Ауыл молдаларынан дәріс алған. Арабша едәуір сауатты болған. Діни кітаптарды, жыр қиссаларды жақсы меңгеріп алады. Оның үстіне Абыл, Нұрым, Ақтан, Қашаған, көршілес өлкелердің дүлдүл сөз зергерлері: Сырым Датұлы, Мұрат Мөңкеұлы, Ізім, Қашқынбай жыраулар т.б. шығармаларымен сусындап өседі. Өз тұсындағы білім бұлағын бойына мол сіңірген бала Түменнің ақындық қабілеті ерте оянады. Ұлан Түмен ауыл- аймақтығы той-домалақтардың гүліне айналады. Ауылда Түмен жоқ болса, онда ондай басқосулардың «сәні жоқ» десіп, жерлестері бас әнші, жыршысынан айрылғандай жабырқап қалады екен. Тумысынан ақжарқын Түмен-ұланның аузынан қазақтың қара өлеңі дестелеп атып жататын. Айналасындағы жандарды сол бір дестелі


 


жырларына орап уантып та, қуантып та дулы думанға бөлеп жүретін.


Өкінішке қарай, жас жігіт Түменнің төкпектетіп барып, тыңдаушыларын үйіріп отыратын сол сырбаз жырлары қағазға түспеді. Бірлі-жарым құйма құлақтардың жадында сақталғандары болған. Бірақ амал қанша ол кісілерден әлде-қашан көз жазып қалғанбыз. Дуалы ауыздан шыққан асыл қазына қалам-қағазға іліне қоймай, желге ұшты.


Адам баласы алдағы өмірді болжап болмайды ғой. Ертең не болатыны белгісіз. «Алдым тұман, артым жар» дейтін сәт аяқ астынан кездеседі. Түмен-ұлан көп кешікпей ақындықты мүлдем тоқтатты. Және бұл оқиға күтпеген жағдайда өтті. Ауылда кезекті той өтіп жатады. Тойшы қауымды суырыпсалма жырларымен жарасымды бір қақпай өлеңдерімен қыран күлкіге бөлеп отырған жігіт Түменнің құлағына әлдекім бірдеңе сыбырлайды. Осы сыбырдан соң сері жігіт Түмен тысқа шығады. Сөйтсе, қарсы алдында әкесі тұр. Ол қол қусырып ізет білдіріп, «Құлағым сізде» деген ишара танытады. Сонда әкесі Балтабас:


- Айналайын, балам, тақылдап бара жатырсың-ау. «Тақ-тақ түбі – тақ-тұқ». Бұл ертеде өткендерден қалған сөз. Олай болса, бұл әдетіңді қой. Тақылдай берме! - деп, түнерген күйі ұзай беріпті.


Әке ескертуі Түмен жігітті шат-шадыман ортадан жұлып алып, жолайрыққа тап қылғандай көңілсіз керуен көшіне ілестіргендей етеді. Еңсесі түсіңкіреп, мерекелі топқа қайта оралады. Ештеңе болмағандай ойын-сауықты жалғастыра береді. Сән-салтанаттың бабын түсірмей таратады. Бұл шақта ел жатып қалған. Түмен де


 


тойдан демалуға өз үйі, өлең төсегінде қисая кетеді. Қисайғанмен көпке дейін көзіне ұйқы келмейді. Өлең-жырды есі кетіп, өліп-өшіп бастап еді. Енді, міне, әке талабын орындамасқа шара жоқ. Сүйікті кәсібінен пышақкесті қол үзбек. Соны ойлағанда таңдайы кеуіп, алқынып, бей-жай күйге түседі. Өкініш өксікке ұласып барып омырауын жасқа толтырды. Шын сүйген алғашқы махаббаты- аяулысынан айрылғандай тұншыға берді...


Осы түннен кейін Түмен ақындықты қойып кетті. Тақсіреттің айы түгіл, қай жылы болғанын айта алмайды. Тұмса таланттың лапылдаған отты жырлары уақыт теңізіне батып кетті. Жас Түмен шайырлық, жыраулық ауылымен қоштасады.


Бірақ, бұның бәрі уақытша, өтпелі дүние екеніне Түмен ақын кейін көз жеткізді. «Құдай салды, мен көндімнің» кебін киген Түмен өлең ауылынан жырақтап, күйбең тіршіліктің жетегінде жүрген. Құдай беріп, ердің жасы  елуден асқанда ұлды болады.


«Шаңырағыма ие шықты» деп қуанады. Арқаны осылайша біраз кеңге салуға негізі де жоқ емес. Бұрынғы Кеңестер Одағының қаскөй жауы фашист басқыншыларының сол тұста маңдайы тасқа тиіп, әуелі Москва түбінде, іле Сталинград (Волгоград) майданында, келесіде Курск иінінде қырғын шайқаста қирай шегініп, масқарасы шығып әлемге әшкере болған. Қан майданда кеңес әскерлерімен үш дүркінгі бетпе-бет келген қанды шайқастарда гитлершілердің соры қайнады. Өзіңнен зор шықса, екі көзің сонда шығады деген емес пе?


Айбатынан айрылды, құйрығын жымыра қысты. Келімсек иттің кебін кешкен гитлершілер келген жағына тайып тұруға асықты.


 


Жау шегініп, ауылдар, қалалар бірінен соң бірі немістерден азат етіле бастады. Майдандағы сол түбегейлі өзгерістерден жырақтағы Маңғыстау елінің де еңсесі көтеріле бастады. Ұлы Жеңіс жақындай берді.


Бірақ, бұл жеңіс барша Кеңес Одағы халықтарына оңайға түскен жоқ. Ауыл, село халқы тапқан-таянғанын майданға жөнелтіп отырды. Елді ашаршылық, жоқшылық алқымнан алды. Ауру- сырқау, басқа да індет біткен қарапайым жандарды, онда да балалар мен кәрі-құртаңдарды сорлатты. Маңғыстауда 1944 жылдары кезік ауруы жайлап алды, халықтың дені соның дертіне ұшырады. Сол жылы Түмен де кезік дертіне шалдығады. Ол аз болғандай он бірге толған жалғыз тұяғы Сайын да осы сырқатпен ауырады. Сөйтіп, Түменнің өзі де, жалғызы Сайын да бірнеше күн ессіз-түссіз өлі мен тірі арасында жатқан. Бірнеше күннен кейін Түмен  есіне  келгенде  алғашқы  ұққаны  қаралы  хабар  болған.


«Жалғызыңнан айрылдың»! Жүректі жаралаған осы қазалы хабарды естіп, қайтадан есінен танса керек.


Тағдырдың қақпақылымен жалғызының орнын сипап қалған ақын:


- Тіл жаратқан тіләлім! Енді өзің сыйлаған сүйексіз тілімнің өрнегі артымда қалсын. Тіл өнерімді ұстартайын. Өлеңімді перзентім санаймын. Жыр жолына қайта оралайын, - деп бекінген дерек түбегімізде әлі күнге дейін айтылады. Бұл сөздің негізгі ұйтқысын жеткізуші Ысқақ Шәкіратов болатын. Иә, сонымен ақын ар алдында, өнер алдында ант қабылдады десек, шындықтан алыстап кете қоймаспыз. Түменнің ақын ретінде қайтып оралуы 1944 жылмен орайласады.  Түмен Балтабасұлы 13-14 жыл-ақ ақындық


 


еткен. «Қабиболла Сыдиық», (Жырдария, 1995 ж. Ақтау 292-293 б.).


Қазіргі қолымыздағы Түмен жырлары оның 60-73 жас аралығындағы дүниелерінен тұрады. Әрине, түгел жинақталған деуден аулақпыз. Өмірге қайта оралған ақын халқының қоғамдық өмірінен, елшілік істерінен қалыс қалушылыққа өзін жібермеген.


Түменнің өлеңдерін оқи отырып байқағанымыз, қас шебердің туындылары жүрекке жылы тиіп, салғаннан баурап әкетеді. Жас ақындар да байқалып жататын кібіртіктеуден ада. Адай елінің саңлақ ақындары Абыл, Нұрым, Ақтан, Қашағандар салған дәстүрден ауытқымайды. Тайпалмас жорғамен жортып келе жатқандай жан сарайыңды аша түседі. Ұлы Сайын өлгенде шығарған толғауынан үзінділер оқып көрелік.


«Қу ажал сені қайтейін, Бүлдірдің талай орданы. Он бірден жаңа асқанда Өмірге қадам басқанда Келмеске мәңгі алыпсың, Сайындай асыл қарғамды. Дүние сені қайтейін, Көрсе көңіл тоймаған, Жас күнім, сені қайтейін,


«Мәңгі» деп бәрін ойлаған».


Немесе:


«Құлан жалды құлыным, Жатырмысың аман-сау,


 


Өзекке біткен жұлыным Маңдайға біткен тұлымым».


(Маңғыстау – Ер Бекеттің туған жері: Ақтау. 1995, 9, 13-б).


Бұл бауыр еті баласынан айырылып, «аһ» ұрған әке көкірегін жарып шыққан жырлар еді. Бұл жолдарға түсінік беру, тіптен де артық-ау! Күйзеліске түскен жанның ауыр халін түсініп, құптамас жан болар ма екен?


Тағы да:


Өмірдің көлеңкелі жақтарын, адам мінезіндегі кемшіліктерді аяусыз қамшылайды.


«Бір жиенге» деген өлеңінде


«Аярлықпен ісің жоқ, Сендей жомарт кісім жоқ. Мұздай арақ қоймады-ау


Аузыңда бір тісің жоқ»,— десе,     «Доғалаққа» деген өлеңінде:


«Доғалақ-ау, Доғалақ Мұрның неге домалақ? Жұрт келді құдық қазуға Қашып кеттің шырағым, Кетем бе деп домалап...» —


деп өткір тілмен іліп түседі.


Бұл келтірілген жолдар оқырманын бейтарап қалдырады деуге кімнің ауызы барар?


Жалғызынан айырылған қамкөңіл қарт ақын Түмен ешқашан биік адамгершілік рухынан түспей өтті. Пессимизмдікке жалқы сәт берілген күннің өзінде де тез сергитін қыран құстай алыс көкжиекті


 


шолып, туған халқымен, әманда бірге болудан жаңылмайтын. Содан болар, ақынды көзінің тірісінде «Жаңылмас жүйрік» деген атақпен туған елі төбесіне көтерген. Ақынның «Маңғыстау», «Адай тегі» дастандары сөз жоқ: осындай қуатты дарын иелерінің қолынан келер бірегей дүниелер. Бұлардың тарихи танымдық, маңызының жоғарылығы өз алдына бір белес болса әдеби көркемдік сипаттарының сыры әліге дейін ашылып көрсетілмей жатқан нағыз тың өлке. Бұларда және өзге жырларда қаншама соны теңеулер мен образдар қамтылғанына түсіністікпен бас шұлғысамыз. Ал оларды әдебиет ілімінің қорына енердей деңгейде дәйектеп қөрсету жағы тіптен де келмей жатыр. 1965 жылы Алматыдан «Пернелердегі термелер» деген атпен байтақ Қазақстанның түпкір-түкпіріндегі ақын-жыраулардың бірлі-жарым шығармалары топтастырылып, жинақ шықты. Сол жинаққа Түмен ақынның «Біздің сұлу Алматы» атты жыр толғауы енгізіледі. Осылайша, Түмен ақын ретінде Республикаға тұңғыш таныла бастайды. Сонда дейміз-ау, «Пернелердегі термелерге» енуге деп ұсынылған шығармалар аз болмапты. Шын мәнінде көркемдік шеберлігі жоғары Түмен ата шығармалары жарқ етіп көрінген. Бірақ бұл жаңалықтың жария болмауы құптаушысының кемдігінен демеске лаж барма, тез сөніп, тез ұмытылды.


Мойындау керек, Түмен бойындағы дербес әдеби талантты алматылық әдебиетші ғалымдар жіті танып білген. Осыған тағы бір деректі қосайық. 1952 жылы Алматыда Коммунистік партияның 50 жылдығына байланысты Республика ақын-жырауларының байқауы өтсе, соған Түмен ақын қатысып, «Құтты болсын тойыңыз» деген


 


толғауымен  астана  сахнасын  дүр  сілкіндірген.  Қ.Сыдиықовтың


«Ақын-жыраулар» (Алматы 1974 жыл) жинағында Түмен Балтабасұлының бір топ өлеңдеріне орын берілді.


Сол тұстан кейін-ақ жаңадан шаңырақ көтерген Маңғыстау облыстық «Маңғыстау» газеті бұл тақырыпқа жүйелі оралуды дәстүрге айналдырды. Түрікменстандағы Красноводскіде жарық көрген «Жұмысшы» газеті де Түмен шығармаларын насихаттауда белсенділік танытты. Мемлекеттік мұрағаттарда олар хаттаулы сақталған.


Асылы, біз жоғарыда атаған ақын ата туралы деректермен материалдарды жинақтап, бірізге түсіру кезек күттірмес міндетіміз сияқты. Егер осыған қол жеткізіп жатсақ, онда Түмен ақын, Түмен азамат жөнінде гылыми зерттеу, әлде оның ғұмыры және шығармашылығына шырайлы шолу жасауға берік негіз қаланар еді. Шүкіршілік, осы жағына қол ұшын берер, белсене атсалысар, көзі қарақты, көкірегі ояу, білімді азаматтарымыз баршылық, әсіресе, Тергеу Айдарханов, Сержан Шәкіратов, Жетібай Жылқышиев... сияқты белгілі замандастарға зор үміт білдірмекпіз. Ақынның туысы Айым Еменұлы, ұстаз Толыбек Ізбасарұлы, Мұқаш Боранұлы, т.б. кісілердің жеке мұрағаттарынан да дәмеліміз.


Және бір нәрсе. Түмен ақын шығармаларын облыс оқу орындарында қосымша оқу материалдары ретінде қолдануға тірелуде. Түптеп келгенде, біз жоғарыда азын-көбін қамтыған проблемалар мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасын іске асыру міндетінен туындап отыр. Сондықтан да ол сөзден нақты іске айналатынына сенгіміз келеді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу